Жамбылда «жомарт түлектер» 2,8 млрд теңгеге жетпіске жуық нысан салады

Жамбылда «Жомарт түлектер» бағдарламасы аясында 2,8 млрд теңгенің жобасы жүзеге асырылады. Бұл іске Әулиеата өңірінен шыққан табысты азаматтар үлес қоспақ. Кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен елді мекендерге қажетті 70-ке тарта әлеуметтік, денсаулық және спорт нысандарын салады. Қазір алғашқы жобалар Талас ауданында іске аса бастады. Жергілікті бизнесмен бірегей бағдарламаға қатысуға ниет білдіріп, шалғайдағы Қызыләуіт ауылының тұрғындарына спорт зал мен монша салып берді.

Жаңайбек Сұлтанбеков өзі туып өскен елді мекеннен бірден 4 жобаны жүзеге асырып жатыр. Ол Талас ауданындағы Қызыләуіт ауылынан 150 миллион теңгеге спорт зал мен монша тұрғызды. Қазір қажетті ішкі құрал-жабдықтар мен спорттық заттарды сатып алу ғана қалған.

Жарылқасын Байжолов, Қызыләуіт ауылының тұрғыны:

– Әрине, үлкен қуаныш. Өсіп келе жатқан жасөспірімдерге пайдалы ғой. Аптасына екі-үш күн ашса, түрлі спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырса, өте тиімді болады.

Рәзия Ағысова, Қызыләуіт ауылының тұрғыны:

– Қуаныштымыз осындай залды салып бергеніне. Бұл келешекте жас балалардың бақыты үшін, солардың келешегі үшін соғылған. Осы спорт залында әртүрлі ойындарды ойнайды. Мына жағында монша бар.

Енді ауылдан шыққан жомарт түлек осы жерден 120 орындық балабақша мен әлеуметтік дүкен ашпақ. Қазір жоспарын нақтылап құрылысқа дайындықты бастап кеткен.

Жаңайбек Сұлтанбеков, кәсіпкер:

– «Ауылым – алтын бесігім» деп бекер айтылмаған. «Бар екен» деп жамбасқа басып жата бергеннің қадірі жоқ. Жатқан нәрсе жатады. Қимылдап, шамамыз келсе, кішкене халыққа қызмет етіп тұрсақ, кейінгі балаларға үлгі болады. Өзімнің отбасым бар. Соларға да бір жағынан үлгі болсын. Құр ақша табу керек екен деп қалтаға баса берудің қажеті жоқ.

Өңірде биыл «Жомарт түлек» жобасы аясында дәл осындай 67 жоба жүзеге асырылады. Оған 2,8 миллиард теңге инвестиция тартылмақ. Бұл қаржыны белсенді азаматтар мен меценаттар өз қалтасынан шығарып, туып-өскен өлкені көркейту, абаттандыру, жұмыстары жүргізіледі.

Жәмилә Бекбатырова, облыстық Білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Оннан астамы орындалды. Бір миллиардқа жуық жұмыстар басталып кетті. Әлі аяқталған жоқ. Бұл жұмыстар аяқталатын болса, осы өңірдің, сол өлкенің, ауылдың гүлденуіне өзінің үлесін қосып, ауыл гүлденеді. Бұл жұмыстар осы жылдың соңына дейін жалғасатын болады.

Қазір барлық аудан орталықтарында түлектер орталығы ашылып жұмыс істеп тұр. Онда жергілікті жерден түлеп ұшқан бітірушілер туралы арнайы база жасақталып, мәліметтер енгізілетін болады. Айта кету керек, облыста ел Тәуелсіздігінің 30 жылында 410 мыңнан астам түлек мектеп бітірген.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев, Тимур Сейілхан