Алматы облысында спорт сауықтыру кешені ашылды

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Алматы облысының Нарынқол ауылында спорт кешені ашылды.

Бір мезетте 180 бала жаттығатын нысан «Шекаралық аймақты дамыту» және «Бұқаралық спортты дамыту» бағдарламасы аясында салынды. Оған жергілікті бюджеттен 1 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалды.

Жаңа спорт кешеннің ашылғанына, әсіресе, балалар қуанышты. Өйткені олар енді ескі кинотеатр ғимаратында емес, арнайы жабдықталған кең әрі жарық залда жаттығады.

Ибрахим Ысқақбек, еркін күрестен ҚР чемпионы:

– Жаңа зал болса екен деп бұрыннан армандайтынбыз. Енді соған жеттік. Енді осы жерде жақсылап күресеміз.

Жанат Керімбаев, Спорт мектебі директорының орынбасары:

Бұрын бір зал болғанда екі жаттықтырушы бір күн залда, бір күн далада кезектесіп істейтін еді. Қазір енді 30-40 бала бір мезгілде жаттыға алады.

Нарынқолдық оқушылар осыған дейін спорт мектебіндегі үйірмелерге қатысып келді. Ал ауыл жастарының шынығатын жері болмаған. Енді олар да осы кешенге келіп футбол, волейбол ойнай алады. Емін-еркін жаттығу жасайды. 4800 шаршы метрлік нысанда барынша қолайлы жағдай жасалған.

Нұрбақыт Теңізбаев, облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

– Әр спорт түрлерінен штаттар арнайы беріліп отыр. Футбол, волейбол спортына үлкен мүмкіндік жасалып жатыр. Бұл деген біздің облыс әкімі тарапынан үлкен қолдау деп білу керек.

Ардақ Назаров, Ережесіз жекпе-жектен екі дүркін әлем чемпионы:

– Бүгінгі балалар бақытты. Мынандай зәулім спорт кешенінде. Алдыға үлкен мақсат қойып, еңбек еткен жағдайда ғана болашақта үлкен елдің намысын көтеретін азаматтар шығатынына мен сенемін.

Алматы облысы спорт сауықтыру кешендерін салу бойынша республикада бірінші орында. Бұған дейін мұндай нысанның өңірде он екісі бой көтерген болатын. Биыл тағы бесеуін ел игілігіне беру жоспарланып отыр.

Авторлары: Ш.Қалиден, О.Байбосынов