«Бастау Бизнес»: Түркістан облысында берілетін мемлекеттік жолдама неге аз

Бұл келеңсіз жайт қолдан жасалып отыр.

Осылай деген Түркістан облысы, Төле би ауданының кәсіп ашамын деген тұрғындары, халықты жұмыспен қамту орталығына жиналып, шағымдарын жайып салды.

Көпбалалы ана Мөлдір Әнуарбек декреттік демалысында бос отырмай, кәсіп ашты. Кондитерлік өнімді саудалап, бизнесін кеңейтуді ойлапты. Сол себепті қайтарымсыз грант пен кәсіпкерлікті қолдаудың мемлекеттік мүмкіндіктерін іздеген. Ол үшін халықты жұмыспен қамту орталығынан жолдама алу керектігін естіп, осында келген.

Мөлдір Әнуарбек, Төле би ауданының тұрғыны:

- «Бизнес Бастауға» шақырды. 14-маусымға келіңіздер, оқу басталады деді. Сосын келдік, азаннан бері жүз адам келіп-кетіп жатыр, кезек деген толып қалған. Төртінші паток-қа келіңіздер дейді, бірақ оған да сенімсіз бұлар.

Ленгір қаласындағы жұмыспен қамту орталығына халық көп жиналды. Бәрінің ойы «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқу курсынан өту. Хабарландыруда көрсетілген уақытта келгендер бос орын жоқ дегенді естігенде таң қалып отыр.

Жұмыспен қамту орталығындағылар халықтың мұнша көп келетінін ойламапты. Биылғы жоспар бойынша 190 адамды оқыту көзделсе, оның өзі аздық етіп отыр. Жұмыссыздар мен еңбекке қабілетті мүгедектер, аз қамтылған және көпбалалы отбасы мүшелерінің бұл жобаға қызығушылығы ерекше.

Дулат Шәріпов, Төле би аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы:

– «Атамекен» халыққа өздерінің әлеуметтік желілерінде «оқыту басталады», «оқытуға жолдаманы жұмыспен қамту орталықтарынан ала-аласыздар» деген хабарламаларын жолдайды. Сондықтан халық жаппай келіп, кішкене түсініспеушілік болып жатқаны рас. Барлық аудандарда да, облыстарда да осылай. Сондықтан оқуға келіп жатқан азаматтар кезекке тұрып, күтсе дейміз.

Ауыл тұрғындарын тыныштандыру үшін Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының өкілдері барлығының өтініш-тілектерін жазып алды. Мамандар алдағы уақытта бұл мәселені тиісті басшылыққа жеткізетінін айтып шектелді. Бос орын саны көбейе ме, жоқ па, содан кейін ғана белгілі болмақ.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов