Қарағандыда көкөніс қымбаттап кетті

Қарағандыда қазір картоптың келісі 300-350 теңге, қызылша 550 теңге, ал сұйық май 700 теңгеге көтерілген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік құнының шарықтауына байланысты бағаны мониторингтік топ бақылауға алды. Алайда, кейбір өнім құнын арнайы комиссияның өзі тұрақтандыра алмай жатыр.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Қарағандыда көкөніс бағасы қымбаттап кетті. Мониторингтік топ келгенде кейбір тауар бағасы уақытша төмендетіліп, артынша қайтадан аспандап шыға келеді екен. Бұл көзбояушылыққа халық наразы.

Блиц 1:

- 699 теңге болған, чегім бар, бір сағат бұрын шамамен. Енді сіздер келгенде 614 теңгеге түсіріпті.

Блиц 2:

- Міне, 10 данасын алдық. Бір қолға 5-тен ғана береді. Бүгін ғана бағаны түсірген, былайша қымбат. 700-1000 теңгеден. Қазір 614 теңгеден алдық.

Блиц 2:

- Қызанақ, қияр бағасы. Бағасы бірде былай, бірде былай құбылады. Алдында 200, одан соң 300 болған, енді 500 теңге болыпты. Біз зейнеткерміз ғой, бізге қиын. Қараймыз, қымбат болса, басқа күнде аламыз.

«Сарыарқа – адалдық алаңы» жобасы аясында арнайы құрылған мониторингтік топ күнделікті тұрмыста қолданатын тауар бағасын бақылайды. Баға төңірегіндегі ахуалға байланысты шағымның көбейгенін мамандар да растап отыр.

Мәлика Күсенбаева, «Сарыарқа – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

- Картоп, сәбіз, пияз туралы бізге 200-ге жуық шағым келді. 200-ге жуық. Ол үшін арнайы топ құрып, СПК «Сарыарқа», әкімдікпен жұмыс істеп жатырмыз. 1 апта ішінде картоп бағасы 47 теңгеге төмендеді. Бұл жұмыстарды жалғастырамыз.

Әлеуметтік маңызы бар тауар қатарына 19 түрлі өнім кіреді. Ол қаладағы 23 нүктеде саудаға шығарылады. Қазір былтырғы картоп пен пияздың бағасы 70 теңгеден сатылып жатыр. Бірақ өнімнің сапасы сын көтермейді.

Ирина Мусина, қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Қала әкімдігінің бастамасымен 1200-ге жуық сауда орындарымен тауар бағасын 10%-тен жоғары қымбаттатпау туралы келісімшарт жасалған. Қазір картоп пен қазанақ бағасы базардың өзінде 240-250 теңгемен саудаланып жатыр. Әлеуметтік павильондарға демалыс күндері тауар жеткізгенбіз. Әзірге бағаны ұстап тұрмыз деуге негіз бар.

Тұрақтандыру қорында сәбіз қалмаған. Сондықтан оның бағасы бақылауға көнбейді. «Ал, өзге тауарлар қымбаттайды деп уайымдауға негіз жоқ», - дейді мамандар. Әкімдік мамандары қаладағы әлеуметтік павильонның барлығына арзан тауар жеткізіліп тұрады деп сендірді.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев.