Түркістан іргесіндегі екі ауылға су екі түрлі тарифпен беріледі

Түркістан қаласының іргесіндегі екі ауылға су екі түрлі тарифпен беріледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мысалы, Ескі Иқан елді мекенінің шаруалары «Қазсушар» мекемесінен ағын суды қымбатқа сатып алады. Ал, сол маңдағы басқа ауылдар «Тұран су» мекемесіне үш есе арзан баға төлеп отыр.

Жандос Жұмабек, тілші:

- Ескі Иқан ауылының тұрғыны Әбдімүтәліп Хасанханов үш гектар жеріне қызанақ, жүгері және мақта еккен. Шаруа қызанақтың әр гектарын баптау үшін орта есеппен 1,5 млн теңге жұмсағанын айтады. Өйткені көшет пен тыңайтқыштың, қала берді жанар-жағармай қымбаттап кеткен. «Ал, ағын су бағасының күрт көтерілуі жығылғанға жұдырық болды», дейді.

Әбдумүтәліп Хасанханов, шаруа:

- Мен бір жылда 5-6 рет суарамын енді көшетті. Қызанақ піскенше, піскеннен кейін тағы береміз. Енді бұл бізге есептесек ауыр болайын деп тұр ғой. Шығындарымды есептесем, оның шығыны көбейіп келе жатыр.

«Арыс-Түркістан» каналының суын Ескі Иқан ауылынан бөлек тағы да 12 елді мекен пайдаланады. Оларға суды «Тұран» серіктестігі береді. Сондықтан судың бағасы да үш есеге арзан. Ал, иқандықтар да осы каналдан су ішкенімен бағасын үш есе қымбат төлейді. Шаруалардың айтуынша, оларға суды «Қазсушар» мекемесі береді. Тарифті де көтеріп отырған солар екен.

Құтлымұрат Шерметов, шаруа:

- Тәулігіне 100 литр суға көрші ауылдар 2800 теңге төлейді. Ал, біздің ауыл 1 мамырға дейін 4500 теңге төлеген. Бірінші мамырдан бастап 6600 теңге төлеп жатыр. Су көтерілген соң біздің өніміміз көтеріледі. Көрші ауылдар 100 теңгеден жеткізсе, біз 150 теңгеден жеткіземіз. Ал базарға барғанда ол өтпейді.

Суға жауапты мекеме шаруаларға тамыз айынан бастап тариф бағасы 7500 теңге болатынын айтыпты. «Егер су бағасы төртінші рет қымбаттаса, онда егістікті еріксіз тастап, басқа жұмыс іздеуге мәжбүр боламыз», - дейді ауыл тұрғындары. Ал «Қазсушар» мекемесі болса қазіргі тариф республика көлемінде белгіленген біріңғай баға деп отыр. Ал, жергілікті су таратушы мекемелер тарифті облыстық деңгейде белгілеп алған. «Сондықтан судың бағасы да арзан» дейді.

Есенгелді Керімбаев, «Қазсушар» РМК Түркістан облыстық филиалының бөлім басшысы:

- «Тұран су» мекемесінің теңгерімінде болғандықтан олар жергілікті мекемеден өздерінің тарифін белгілеп алып, өздерінің жеке тарифі бар. Біздікі республикалық маштабтағы тариф болғандықтан одан жоғары болып отыр.

Дегенмен, суға жауапты мекеме халықтың өтінішін ескеріп, су ресурстары комитетіне хат жолдаған. Мәселені шешу үшін Иқан ауылындағы каналдарды сенімгерлік басқаруға беру жоспарлануда. Сондықтан ауылдағы арық атыздар ретке келтірілуде. Ал бұл жұмыстарды аяқтамай, каналды басқа бір мекеменің қарамағына сенімгерлікке тапсыруға заңмен тиым салынған. Сондықтан иқандық диқандарға каналдардың жөнделіп бітуін күтуден басқа амал жоқ.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Самат Нағашбекұлы