Қостанай облысында ауыл тұрғындары Рудный қаласына қатынай алмай жүр

Бұған автобустың тоқтауы себеп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қоғамдық көлік жүрмеген соң жұрт қымбат такси жалдауға мәжбүр. Қалтасы көтермейтіндер қаладағы жұмысын тастап, үйде отыр. Тұрғындардың биліктен көмек сұрап жүргеніне бір жылдан асты. «Әзірге нәтиже жоқ», - дейді ауыл халқы.

Константинов ауылы мен Рудныйдың арасы 15 шақырымға да жетпейді. Екі ортада автобустың тоқтағанына бір жылдан асқан. Ауыл халқының дені кеншілер қаласында жұмыс істейтіндіктен тапқан нәпақаларының қомақты бөлігін таксиге шығындауға мәжбүр.

Гүлжазира Бектемісова, Константинов ауылының тұрғыны:

- Индрайвер шақырып едік. Жолдарың жаман, 2500 төле дейді. Ақша үнемдеу керек. Жолдасым жұмыс істеген Рудныйда. Содан шықты да, қазір мал бағып отыр.

Көлігі жоқтары амалсыздан қалаға жұмысқа жаяу барады. Ол үшін діттеген жеріңнен таң атпастан шығу керек.

Рамазан Әубәкіров, Константинов ауылының тұрғыны:

- Жұмыста қарамайды, сенде көлік бар ма, жоқ па. Сен оған үлгеруің керексің. Жаяу көп жүре алмайсың. Қаншама рет мен де жаяу жүрдім. Менде ескі көлік. Қирап қалады. Сағат 4-те шығасың үйден жұмысқа жету үшін. Осы ауылда туып-өстім. Төрт мезгіл автобус жүрді.

Ауылдағы коғамдық көлік қатынасы былтырғы қатаң карантин кезінде тоқтаған. Кейін рейстер қалпына келтірілген. Бірақ уақыт өте келе жолаушылардың аздығынан тасымалдаушы компания ауыл мен қала арасындағы бағытты тиімсіз деп тапты. «Бірақ бұның бәріне кесте бойынша белгіленген уақытта келмейтін жүргізушілер кінәлі», - дейді, тұрғындар.

Гүлжазира Бектемісова, Константинов ауылының тұрғыны:

- Өзім жеке екі рет шықтым. Тұрдық, тұрдық. Бір кезде айтады, автобус кетіп қалды деп. Бір рет болды. Ол ауылға кірген жоқ. Подстанцияның жанында тұрды. Екі рет қалып қойдық.

Нұржан Қожахметов, Константинов ауылының тұрғыны:

- Автобус кемінде бір апта жүрсе, адамдардың толық көзі жетсе графикпен. Бізге күніне 3 рет болса да мейлі. Таңертең, түсте, кешқұрым. Бір апта істей ала ма? Істей алмай ма? Істей алмаса, халықтың өзі кінәлі.

Жергілікті билік тасымалдаушымен ортақ мәмілеге келуге тырысқан. Бірақ тұшымды жауап ала алмаған.

Сақтаған Байманов, Садчиков ауылдық округінің әкімі:

- Бәрі де жекеменшік кәсіпкерлер. Оған барып өз шартымызды әкім ретінде, мемлекеттік қызметкер ретінде айта алмаймыз. Ол ертең кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу болады.

Тығырықтан шығудың жолы ретінде әкімдік тұрғындардың өздерін тасымалмен айналысуға шақырып отыр. Осы ретте үкіметтік бағдарламамен тегін оқып, қайтарымсыз грант берілетінін жеткізген. Бірақ оның да тиімсіз шарттары бар деп қынжылады халық.

Болат Оспанов, Константинов ауылының тұрғыны:

- Оны алу үшін жұмыстан шығу керек екен. Мен өзім жұмыстан шығайын десем зейнетке төрт жыл қалды. Анау залог десе, барлығы бар өзімде. Үйім де бар. Қазіргі ұстап отырған қара малым да бар.

Қалай дегенмен, Константинов тұрғындары «автобус қатынасын ретке келтіреміз» деп отыр. Олардың ендігі қадамы – Рудный әкімдігіне депутаттық сауал жолдау.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров