Жылыой ауданында 170-ке жуық ұңғымадан су атқылап, ысырап болып жатыр

Атырау облысының көптеген елді мекені судан таршылық көріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Есесіне, Жылыой ауданында 170-ке жуық ұңғымадан тіршілік нәрі атқылап, ысырап болып жатыр. Кен орындарын барлау жұмыстары кезінде қазылған ұңғымалардан секундына 25 литр су шығады. Қазір шаруа қожалықтары осы жерасты суының қызығын көріп отыр. Бірақ мамандар тіршілік нәрін текке ағызбай, пайдаға жарату керек дегенді айтады.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Бұл – жергілікті тұрғындар «Қалыбек фонтан» атап кеткен жер. 30 жылға жуық уақыт бойы дәл осылай тоқтамастан, сарқылмастан, сағатына 16 мың литр су шығып жатыр. Бұлардың тереңдігі шамамен 300-400 метрдей болады. Дәл осы судан мынадай көл пайда болған. Тіпті онда балық та бар.

Бұл жерасты сулары Мұғалжар тауынан келеді. Жылыой ауданының бір ғана Қосшағыл ауылдық округіне қарасты осындай 50-ге жуық ұңғыма бар. Шамамен ауданның 60-тан астам шаруа қожалығы осы жерасты суын пайдаланып отыр.

Сайын Сарманов, Жылыой ауданының тұрғыны:

- Соңғы мезгілдерде әркімдер келіп айтады, бұл су бәрі босқа кетіп жатыр, Құлсарыға тарту керек деп. Бұл жердегі суды тартқанда ертең бұл жерде бір түйір қожалық су іше алмайды, су Құлсарының өзін қамтамасыз ете алмайды. Сосын әркімдер айтқандай тұп-тұщы су дейтін, судың құрамы ондай тұп-тұщы емес.

Мамандардың айтуынша, текке ағып жатқан тіршілік нәрін пайдаға асыру керек. Өңірдегі өзен суларының қоры азайып жатқан уақытта оның маңызы жоғары.

Едіге Сабыров, гидрогеолог:

- 170 бұрқақтан ағып жатқан суды есептейтін болсақ, 2 миллиондай жылқы суаруға жетер еді. Ондай мал біздің облыста жоқ. Сумен бірге судың әрбір литрімен жердің астынан 2-4 грамм тұз шығады. Күні бойы ағып жатқан су. Күніне 60 мың тонна су ағады дейтін болсақ, бір күнде 180 тонна тұз жердің бетіне шығады екен.

Ұңғыма бітеліп, су тоқтайтын болса, шыққан тұздан келетін залал көп. Соңы қуаңшылыққа әкелуі мүмкін. Қазірдің өзінде өңірде жайылымның жайы жақсы емес.

«Оңтүстүк Ембі артезиандық алқабының қорына қосымша барлау жұмыстары жүргізілсе, мұнайлы өңірді толығымен сумен қамтуға болады», - дейді мамандар. Олардың айтуынша, су шығып жатқан ұңғымаларды мемлекет қолдауымен кранды режимге ауыстыру қажет. Ал, артық субұрқақтарды бітеу арқылы су қорын тиімді пайдалануға мүмкіндік туады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин