NASA қазақстандық мектеп түлегін тағылымдамадан өтуге шақырды

Алматылық Дана Кариева NASA-да тағылымдамадан өтуге жолдама алды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол биыл Республикалық физика-математика мектебін бітіріп шықты. Жас түлек ғарышқа ұшу саласын зерттейтін АҚШ агенттігімен жақынырақ танысатынына қуанышты. Бұл жоба Хьюстондағы United Space School мектебінде әлемнің ең үздік 50 оқушысын жинайды. Індетке байланысты бағдарлама екі жылдан бері онлайн өтіп келеді.

Дана NASA ғарыш агенттігінен тағылымдамадан өтуге өтінішті қыста берген. Өзі туралы мәлімет пен зерттеу жобаларымен қоса ғарышқа  келесі сапарға қайда шығу керегі туралы ойын айтып, эссе жазып жібереді. Ондағы мамандар Дананың жобасына қызығушылық танытып, өздері байланысқа шыққан. Бейнеқоңырау арқылы сөйлесіп, жас қыздың ұсыныс пікірлерін тыңдаған. Кейін оның тағылымдамадан өтетінін хабарлапты.

Дана Кариева, мектеп түлегі:

- Ғарыш тақырыбы ауқымды ғой. Мені жалпы физика, математика, жаратылыстану пәндері қызықтырады. Қазір бізде тағылымдамаға дайындық басталып кетті. Апта сайын біз үй тапсырмасын жіберіп отырамыз. Осындай мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Өйткені бала кезімнен ғарыш саласына қызығатынмын, сол тақырыпта түрлі деректі фильмдер көріп, энциклопедия көп оқыдым. Жұлдызды аспанды мобильді қосымшасы арқылы бақылап, Алматыдағы обсерваторияға жиі барамын.

Тағылымдама шілде айының соңында басталады. Екі апта бойы аэронавтика және ғарыш кеңістігін зерттейтін мамандар дәріс оқиды. Жас ғалымның айтуынша, ғарыш – бізге беймәлім кеңістік. Адамзат оны зерттеуге әрдайым құмар. Ал, Дананың анасы «ғылымға деген құмарлық әкесінен дарыған», дейді.

Ботагөз Меңдібаева, Д.Кариеваның анасы:

- Әкесі Кариев Асқар ғылыммен айналысқан. Өкінішке қарай, ол кісі өмірде жоқ. Бірақ баланың қанында қалған шығар. Кішкентай кезінен үйде кітаптар, энциклопедиялар болғасын «Жұлдызды аспан» картасы үйде бөлмесінде болған. Бала соның ішінде ғылымға жақын болып  өсті деп ойлаймын осыдан.

Бұдан бөлек, Дана спортпен, музыкамен, волонтерлікпен де айналысады. Былтыр өзінің туған жері Павлодар облысының Ақсу қаласында індет өршіп тұрған тұста дәріханаларды түгелдей аралап, қай жерде қандай дәрі бар екенін әлеуметтік желіде хабарлап отырған. Денсаулық сақтау ұйымының ресми сайтынан нақты деректерді ағылшын тілінен аударып ұсынып отырған. Мектеп түлегі медициналық оқу орнын таңдаған. Бірақ бұл ғарышқа деген қызығушылығына еш кедергісін келтірмейді деген сенімде. Ол болашақта бірнеше ғылымның басын қосатын стартап жоба жасамақ.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Эдард Кон

Сондай-ақ...