Алматыда алименттік борышкерлерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Алматыда алимент бойынша қарызы бар, екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір қалада 12 мыңнан астам борышкер бар. Оның 200-ге жуығы проблемалық борышкерлер санатына жатады. Олар түрлі сылтау айтып алимент төлемейтін көрінеді. Берешегі бүгінде 200 миллион теңгеден асып кеткен.

Аршын Кемелжан, тілші:

- 41 жастағы Сергей Филатов жарты жылдан бері алимент төлемепті. Төлегісі-ақ келеді екен. Бірақ қара жұмыстан денсаулығы сыр беріп, бірнеше ай емделіп жатып қалған. Нәтижесінде алимент бойынша қарызы 400 мың теңгеден асып кеткен. Аяғына енді тұрған азамат жеңіл жұмыс іздей келіпті. Арнайы жәрмеңкеге сот орындаушылары шақырған.

Сергей Филатов, борышкер:

- Қазір банктен өзіме лайықты жұмыс таптым. Жұмысқа орналасу үшін арнайы оқудан өтіп, біліктілікті арттыру керек екен. Жасым да келіп қалғандықтан, денсаулығым да әлсіз болғандықтан, жеңілдеу байланыс орталығында оператор сынды жұмысқа ғана жарамдымын.

Қалалық Әділет департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған жәрмеңкеге жүзден астам борышкер келді. Шараның мақсаты – төлемге қабілетсіз тұрғындарға тұрақты жұмыс тауып беру. Олар еңбекпен қамтылса, бауыр еті балаларына алиментті уағында төлейді деген үміт бар. Жәрмеңке алдында борышкерлердің қабілеті мен мамандығы сарапталған.

Дәурен Аймақов, қалалық жеке сот орындаушылары өңірлік палатасы басшысының орынбасары:

- Біз бірінші жұмыс іздеп жүрген адамдардың, маманның не оқу бітірді, қандай айлықты қалайды, соның бәрін Жұмыспен қамту орталығына ақпаратты береміз. Соның арқасында мына жерге қазіргі таңда жұмыс берушілердің әрқайсыларында 50-ге жуық бос орындар бар, сонымен былай қарағанда 750 орындай бар.

Әділет департаментінің статистикасы бойынша Алматы қаласында 12 мыңнан астам алименттік борышкер бар. Оның 200-ден астамы проблемалық борышкерлер. Жыл басынан бері міндетін дұрыс атқармаған екі азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылып, тағы 100 адам әкімшілік жаза арқалаған.

Абай Арап, қалалық әділет департаментінің басшысы:

- Былтырғы жылы әкімшілік жазаға, бір тәуліктен бес тәулікке дейін қамауға алынды. Сондай шаралар қолданылды. Оның үстіне айыппұлдар қолданылды, бірақ олар аз қолдынылды. Екі адам қылмыстық жауапкершілікке биыл тартылды. Он адамға қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.

Арнайы бос жұмыс орындар жәрмеңкесі жылына бірнеше рет ұйымдастырылады. Мұндағы мақсат – алимент төлемейтіндердің санын азайту. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, алиментті үш айдан кешіктіргендер проблемалық болып саналады екен. Қазіргі таңда осы проблемалық борышкерлердің берешегі 200 миллион теңгеден асады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев