Батысқазақстандық шаруа жылқының жаңа тұқымын алуды көздеп отыр

Батысқазақстандық Жанғабыл Сәтпаев қазақтың жабы жылқысын мұғалжармен будандастырып, жаңа тұқым алуды көздеп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сәтін салса, шетелдік асыл тұқымды арғымақтан кем түспейтін қазақтың ыстық пен суыққа төзімді тұлпары өсіп-өнеді. Бұл іске саналы ғұмырын Қамбар ата түлігіне арнаған селекционер ғалымдар да тартылды. Шаруашылықта қазақы және Көшім мен Мұғалжар тұқымды 3 мың бас жылқы бар.

Блиц:

- Жылқыға Үкіметтен көмек жоқ қазір. Жылқыны әрбір шаруашылық өзінің жағдайымен бағып, жұмыстанып келе жатыр. Жылқы өз күнін өзі көреді деп көмек жасамайды. Негізі селекциялық жұмыс жасаған шаруа қожалықтарына биелерге субсидия берілгені дұрыс болды.

Жанқабыл Сәтпаевтың 500 басқа есептелген мал бордақылау алаңы 2017 жылы іске қосылыпты. Алаң айналасында су мол, шөп шүйгін, күре жол жақын. Етке тапсырылатын ірі қара осы жерде 3 айдай тұрады. Қазір мұнда негізнен 10-15 жастағы кәрі айғырлар бордақылануда. Арасында ағылшын тұқымды аттар да бар. «Қоң жиған малды көршілес Атырау мен Маңғыстау облыстарына өткіземіз», - дейді шаруа. Ал, мынау талай дүбірлі додада топ жарған бәйге аттары.

Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарының аралығындағы бұл жердің шөбі шүйгін, сулы, нулы өңір. «Сондықтан жылқының жаңа тұқымын шығаруға қолайлы мекен», - дейді шаруа. Жалпы жаңа тұқым шығаруды кезінде аймаққа аты шыққан әйгілі атбегі Құбайдолла ақсақал қолға алған екен. Әке ісін жалғаған Жанқабыл да бұл шаруаға шындап ден қойған.

Жанқабыл Сәтпаев, шаруа қожалығының басшысы:

- Өзіміздің жергілікті биені шығарып, Мұғалжар айғырын қосып, содан шығарғымыз келіп отыр типті. 2015 жылы статусын алып, қазақы жабы тектес жылқы деп атағын алдық. Алға қойған мақсатымыз өзіміздің киелі Ақжайығымыздың атын қоямыз деген оймен қазақы акжайықтық тип қылып шығарамыз ба деген жоспарымыз бар. Шетелдікпен де будандастырып жатырмыз ағылшын айғырларымен, одан мініске ат шығарып жатырмыз. Бұрынғы қазанат, қазақтың қарабайыр жылқылары бар емес пе, Ақан серінің Құлагері деген сияқты. Сондай аттарды мініске шығарып жатырмыз.

Жылқының жаңа тұқымын шығару оңай іс емес. Бұл істе ғылыми негізге сүйену ғана оң нәтижеге жеткізбек. Келешекте Ақжайық атауын иеленетін жылқының жаңа тұқымын шығару не үшін қажет? Оның басқа жылқыдан басты ерекшелігі қандай болмақ? Бұл сауалды белгілі атбегі Алтай Зейнуллинге қойдық.

Алтай Зейнуллин, атбегі:

- Ақжайық өзіміздің жайықтың арғы бетінен де 40-50 км Жайық болашақ тұқымы дейміз. Несімен ерекше, мына жабы да, нарын да Көшімнен аласа, жабыдан биік. Қазір Жанқабылдың шаруа қожалығындағы жылқылардың шоқтығының биіктігі биелердің бойы 1 метр 50-ге дейін барады. Айғырлар метр 55-ке дейін барады. Салмақтары 560-570-ке дейін барады. Бүгінгі таңдағы мақсатымыз қазақтың ата кәсібі, ұлттық технолгиясы қара шекпен жамылған, соған замануи технологияның шекпенін жауып қайтару.

Жаңа тұқым шығару үшін кемі 30-40, тіпті одан да көп уақыт кетеді екен. «Бірақ ғылым мен технология дамыған заманда ол мерзімді бірнеше жылға шегеру қолдан келетін шаруа», - дейді ғалымдар.

Алтай Зейнуллин, атбегі:

- Методика деген бар, соны біз технологияға жүйелеп әкелдік. Енді бір 3-4 жылдың ішінде 250 биесі болса, ол тип болады. Егер 1780-ге толтырса биені, ол тұқым болады. Басқа типтер де солай. Бұрын Кеңес Үкіметі кезінде тип болу үшін 1700-1800 бие керек болатын. 3500 бие болғанда порода болатын. Қазір заманына сай сондай мүмкіндік беріп жатыр ғалымдарға. Себебі қазір уақыт жылдам, ақапраттық заман. Сондықтан Жанғабылдың болашағы өте зор. Болашақта осы жігіттер мына Жанқабылдар, Мырзабай, Әлібектер адамзатты барлық аурулардың түрінен алып шыға алады.

Руслан Қайырманов, Ақжайық аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:

- Шаруашылықта мың жарым бастай аналық бие бар. Шаруашылықта қазақты типті жылқы шығаруға жұмыстанып жатыр. Сонымен бірге бие сауып қымыз өндіру ісін қолға алып және жылқы бордақылаумен айналысатын шаруашылық. Жанқабыл басшысы өзінің іскерлігімен, ізденімпаздығымен үлесін қосып келе жатыр асылтұқымды шаруашылыққа.

Аймақта асыл тұқымды жылқы шаруашылығы өрістеп келеді. Тек Ақжайық ауданында жылқы саны 42 мыңға жеткен. Асылтұқымды қамбар ата түлігін өсіретін 5 шаруа қожалығы бар. Көбі өнімді өңдеуге ден қойған. Ғалымдар келешекте таза табиғи өнім беретін бұл шаруашылықтардың өніміне әлем елдерінен тапсырыс түсеріне сенімді. 

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Болат Жарылғасов, Қанат Махмұтов