424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түрген елді мекенінің тұрғындары қоқыстың иісінен тұншығып отыр

  • 218
  • UPD: 23:59, 15.06.2021

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Түрген елді мекенінің тұрғындары қоқыстың иісінен тұншығып отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірнеше жылдан бері қараусыз қалған полигон аумағы созылып, егістік алқабына дейін жеткен. Жылда түрлі дәнді-дақыл егіп күнелтіп келген шаруалар «осы қоқыстың кесірінен бірнеше гектар жеріміз босқа қалды», дейді

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Тау етегінде орналасқан Түргеннің табиғатына тамсана қарайтындар көп. Таза ауамен тыныстап жүрген тұрғындары қандай бақытты деп ойлауыңыз да мүмкін. Алайда түргендіктердің қоқыс иісіне тұншығып жүргенін мына көріністі көрген кезде ғана түсінесіз. Бұл жерге қазір ауыл тұрғындары ғана емес, тіпті қаладан келіп қоқыс тастаушылар көбейген. Нәтижесінде тау болып үйілген қоқыс орны бірнеше шақырымға созылып кеткен.

Гүлсім, ауыл тұрғыны:

- Есігіміздің алдынан КаМАЗ-КаМАЗ қоқыс өтеді. Мына жерге келсек иістен егістікке былай да өте алмаймыз, былай да өте алмаймыз. Біз мына Түрген демалыс орнында тұрамыз. Қайдағы демалыс орны мынау?! Міне, сасықтан төменде тұрамыз, осы сасық желменен үйімізге барады.

Тұрлықожа Ақанов, ауыл тұрғыны:

- Ана жақта молалар жасады. Оған ешкім бармайды. Әкім қараса болады ғой. Кәдімгідей мола бар орнатқан. Өлікті әкеп тастайды. Оны иттер ит деген мынаның ішінде 100 ит жүр. Біреуі де қарамайды. Қоқыс сасық, бәрін жейді де жатады. Былық болды мынау деген сұмдық.

Қатты жел тұрғанда қоқыстан ұшқан ұсақ-түйектер егістік алқабына дейін жетіп, шаруаларға қосымша жұмыс табылған.

Абылай Оңалбаев, ауыл тұрғыны:

- Бес гектар жерім бар. Оны былтыр, биыл айдай алмадым енді. Сіз көрсеңіз целлофан. Оны айдап керек емес. Целлофан астына түседі. Ештеңе өспейді, өнбейді. Біз де қанша рет келіп айттық әкімдікке.

«Жайылымда жүрген жас малдар да целлофан жеп өлген кездері болды», - дейді ауыл тұрғындары. Бұл қоқыстың тағы бір қорқыныштысы, тура газ құбырының үстіне жиналып қалған.

Жандос Айтбайұлы, тілші:

- Түрген ауылы тұрғындарының тағы бір қорқатыны, мұндағы тек қоқыс қана емес, осы қорқыстың астында жатқан бүкіл Еңбекшіқазақ ауданына тарайтын газ құбыры жатыр екен осында. Күзде осы қоқысты өртейді. «Сол өрттен әлгі газ құбыры жарылып кете ме», деп жергілікті тұрғындар қатты алаңдайды.

Түрген ауылдық округінің әкімі денсаулығына байланысты орнында болмай шықты. Барлық сауалдарға орынбасары жауап берді.

Мәди Бейсенбаев, Түрген ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Осы Түрген ауылымен Тау Түрген ауылында ИП «ТАЗА» деген жеке кәсіпкер айналысады. Әр үйдің ауласына келісімшарт бойынша қатты тұрмыс қалдықтарын алып кетеді. Сол кісімен қазір сөйлесіп, осы жерге болашақта шлагбаум қою жоспарда тұр. Осының бәрін рекультивация жұмыстарын жүргізіп, шлагбаумды қойып, бір жұмыскерді бекітеміз. Осы жерді қарап ұстауға.

Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. «Қаржы бөлінген соң барлық мәселені шешеміз», - деді ауыл әкімінің орынбасары. Жыл сайын осы жауапты естіп келген жергілікті тұрғындар жуық арада қоқыс орны тазарады дегенге сенбейді.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Нұрдәулет Жақсыбаев

Хабар 24 телеарнасы