Іле Алатауында орналасқан сегіз мұздық көл Алматыға қауіп төндіруі мүмкін

Іле Алатауында орналасқан 8 мұздық көл Алматыға айтарлықтай қауіп төндіруі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Осыған байланысты Төтенше жағдайлар департаменті мен «Қазселденқорғау» мекемесі селдің алдын алуға бағытталған шараны бастап кетті. Жұмыс барысында мамандар жаз бойы су көлемін қауіпсіз деңгейге жеткенше біртіндеп төмендетеді.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Солтүстік Тянь-Шань тауларында сел жүру қаупі дәл осы мезгілде арта түседі. Биыл да солай. Оның үстіне соңғы екі апта жауын-шашынды болды.

Десе де, мұндағы жағдайды мамандар өз бақылауында ұстап отыр. Олардың айтуынша, ондағы мұздық көлдердің 8-і Алматыға қауіп төндіреді. Себебі, олар таулы жердің жоғарғы жағында орналасқан. Оның үстіне ондағы су деңгейі үнемі өзгеріп отырады. Ағып кету қаупі де бар. Мәселен, мына табиғи су қоймасы «13-Бис» деп аталады. Мұздық Кұмбел өзенінен жоғары жатыр. Ал, төменде Үлкен Алматы өзені өтетін шатқал бар. Қазір Алматыда ауа температурасы +30 градус болса, мұнда 0 градус шамасында. Теңіз деңгейінен 3600 метр биіктікте орналасқан тау басында әлі қар жатыр. Мұндағы мұздықтар тек екі аптадан соң ери бастайды. Алматының таулы аймағында 45 мұздық пен көл бар.

Самат Дәуленханов, «Қазселденқорғау» ММ Алматы қалалық пайдалану басқармасы филиалының басшысы:

- Көлдердің деңгейін түсіру жұмыстарына 2 мердігер компаниядан 90 адамдай жұмылдырылып жұмыс істейді. 1554 Таулы аймақтарда «Қазселденқорғау» мекемесінің құрылған 20 гидропосты бар. Барлығы көлдерден келіп жатқан көлге қосылып жатқан сулардың лайлылығын түгел есептейді. Гидропостар төмен жақта диспетчерге хабарлар беріп отырамыз.

Осы қондырғылар мұздық көлдегі артық суды сорып алуға арналған. Оған диаметрі 300 мм болатын арнайы пластикалық құбырлар қолданылады. Мұздығы ериді деп қауіптенген көлдерге сағатына 400 текше метр су соратын 9 құрылғы орнатылады. Оған қоса, тау басында көлдердің жағдайын бақылап отыратын 21 маусымдық бекет ашылады.

Ерлан Әлібеков, қалалық ТЖД басшысының орынбасары:

- Барлығы 10 станция қойылды. Биыл оның саны 21-ге жеткізілмек. Оған қоса, сел қаупінің автоматтандырылған мониторинг жүйесі нақты уақыт режимінде гидрометеорологиялық жағдайды, көлдерді бақылауды қашықтан қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ал, диспечерлік бекеттер осыған жауапты сала өкілдеріне мұздықтар мен көлдердегі, өзендердегі су деңгейін күндіз-түні бақылауда ұстап отырады.

Селдің алдын алу шараларына Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе техникасы тартылады. Тау басына мамандарды арнайы техника мен қажетті құрал жабдықтар тек тікұшақпен жеткізіледі. Яғни, «Қазавиақұтқару» ұшқыштары үшін қауырт кезең басталды.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Григорий Беденко, Әбен Нарынбаев