Мұңы көп, суы жоқ ауыл

Қостанай облысындағы Май ауылының тұрғындары ауызсудан тарлық көріп отыр. Айтуларынша, елді мекенде су қысымы төмен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның салдарынан тіршілік нәрін қажетінше пайдалана алмайды. Есесіне ауыл ішіндегі су құбыры әбден тозып біткен. Оны жаңасына ауыстыру мәселесі келер жылға шегерілген.

Баян Ахметованың үйіндегі краннан аққан судың бар күші осы. Сондықтан таң атпастан бар ыдысқа су толтырып, оны жылытумен әуреге түседі.

Баян Ахметова, Май ауылының тұрғыны:

Үйде үш балам бар. Оларды жуындырудың өзі мұң. Себебі су жоқ. Күні бойы су жылытып, қолым босамайды. Қысымның жоқтығынан су жылытатын қондырғы істемей қалады.

Май ауылының тұрғындары үйдегі кірді тек қолмен жуады. Кір жуу машинасын қолданбайды. Қысымның төмендігінен техника күйіп кетеді. 

Алма Бекболқызы, Май ауылының тұрғыны:

– Судың қысымы аз болғасын, қолмен жуамыз кірді. Полуавтомат алып едім. Соны ылғи көтеріп, шығарып. Өте қиын жағдай, су болмағасын. Жаздай сол шелектерді, ыдыс-аяқтардың бәрін суға толтырып аламыз.

Май ауылында 38 көпқабатты үй бар. Ескі құбырдың кесірінен тұрғындар жаз мезгілі сайын тіршілік нәрін қажетінше пайдалана алмайды. Оған қоса бақша суарып, суды көп тұтыну салдарынан осындай жағдай болатынын коммуналдық мекеме өкілдері де жасырмайды.

Анатолий Загвоздкин – Сумен қамту мекемесі басшысының міндетін атқарушы:

– Жоғарғы қабаттағы үйлерде су болмайды. Ауылға құбыр 1968 жылы тартылған. Тозығы жеткесін қысымы үнемі жоғары боп тұрады. Нәтижесінде жиі жарылады. Сол себепті түнгі 12-ден таңғы 5-ке дейін суды ағытып тастауға мәжбүрміз. Осы уақыт аралығында суды жинақтап аламыз. Себебі оның шығыны көп болады.

Су құбырын жөндеу бастамасы үш жыл бұрын қолға алынған. Бірақ іс жүзінде тек жобалық-смета құжаттары дайыналыпты.

Сергей Ендоренко, Май ауылдық округінің әкімі:

– 2019 жылы жобалық құжаттарды әзірлеуге 15 млн теңге бөлінген. Биыл оны толығымен дайындадық. Қазір сараптама жүргізіліп жатыр. Келер жылы бюджеттік өтінім жолдаймыз.

Жаңа су құбырына 830 млн теңге қажет. Сәтін салса, құрылыс жұмыстары келер жылға жоспарланып отыр.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров