424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығыс Қазақстанда шаруалар шығынға батты

  • 163
  • UPD: 10:33, 16.06.2021

Шығыс Қазақстанда 10-нан аса шаруа мемлекеттен алған субсидияны қайта қайтаруға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар 2019 жылы Ресейден асыл тұқымды сиыр сатып алған. Малды әкелген соң заңда көрсетілген барлық ережені орындады. Алайда арада 2 жыл өткенде облыстық прокуратура тексеру жүргізіп, шаруаларға субсидия төлеуде заңсыздық бар екенін анықтаған. Прокуратура осы бағдарламаға жауапты облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасына фермерлерден қаржыны қайтартуға міндеттеген. Алайда кәсіпкерлер прокуратураның  шешімімен келіспей отыр.

Қатонқарағайлық шаруа Азамат Қарталов былтыр «Сыбаға» бағдарламасы бойынша Ресейден 50 сиыр сатып алған. Әкесімен бірге шаруашылықтағы мал басын көбейтіп, тағы да жұмысшылар алмақ болған. 

Азамат Қараталов, шаруа:

–  Шаруашылықты үлкейтсек дегенбіз. Мал басы өссе, өзімізге ғана емес, ауылға да жақсы болар еді. Жұмыс орнын ашу жоспарда болған. Енді не істерімізді білмей қалдық.

Не істерін білмей жүргеніне бір жыл болды. Малды әкеле сала, кедендік қосымша құн салығын төлеуге мәжбүрлген. Мемлекеттік бағдарламадағы жауапты сарапшылар шаруаларға кейін ол қаржы қайтарылатынын уәде еткен. Алайда салыққа төлеген 3 миллион теңге сол беті қайтпаған.

Шеттен әкелінген мал міндетті түрде карантинге қойылып, қажетті вакцина салынады. Ол үшін шаруа тағы  бір жарым миллион теңгеге шығандалған. Одан соң мемлекеттен алған субсидияны толық қайтару жөнінде хат алған. Ол шамамен 12 миллион теңге. Бұл шаруашылықтағы бар малдың жарты ақшасы. Себебі заң бойынша субсидия тек асылтұқымды малға ғана төленуі тиіс. Ал Нұрлыбек Қараталовтың сиыры асылтұқым болмай шықты.

Нұрлыбек Қараталов, шаруашылық жетекшісі:

Біздің малымыз асылтұқымды. Оны дәлелдейтін құжатымыздың бәрі бар. Әр малдың жеке паспортында жазылып тұр. Сиырдың қандай тұқымнан туғаны жазылған. Ал елордадан қазақтың ақбас сиыр палатасынан келген маман біздің малды көріп, асылтұқым емес деп шешім шығарды. Жай ғана таза қанды екенін айтқан.

Шеттен әкелінетін асылтұқымды мал кеденнен өткенде 4 орынды саннан тұратын арнайы код беріледі. Ал құжатта мүлде  басқа сан жазылған.

Владимир Гайламазян, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

– Мемлекеттік бағдарламаның өзі тек асылтұқымды мал басын көбейтуге арналған. Сондықтан шеттен мал көптеп әкеліне бастады. Соңғы туған бұзауына дейін асылтұқымды болуы шарт. Таза қанды мал деген ол мүлде бөлек.

Таза қанды малға да субссидия беріледі. Асыл тұқымға құнының 50 проценті қайтарылса, таза қанды әр сиырға 25 процент қаржы төленеді. Қазір шаруалар субсидия ретінде алған қаржыны баяғыда игеріп тастаған. Тіпті 2 жыл бұрынғы бағдарлама жабылып қалса да, прокуратура қаржыны қайтартуға мәжбүрлеп отыр.

Еркебұлан Ахметов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

– Жалпы бұл мәселе прокуратураның кешенді тексерісінен соң ғана көтерілді. Егер шаруалар прокуратураның талабымен келіспесе, сотқа жүгінгені дұрыс. Шағым түсірген дұрыс.

Алайда шаруалардың енді соттың табалдырығын тоздыруға құлқы да, уақыты да жоқ. Көбі енді субсидия алудан да бас тартқан. Ал аймақта демеу қаржы алып, соңынан оны қайтаруға мәжбүр болған 10 шаруашылықтың мәселесі қалай шешілетіні әлі белгісіз.

Авторлары: Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы