Қазақстандық дәрігерлер Оңтүстік Кореяда қатерлі ісікті емдеу әдістерін зерттеп жатыр

Нұр-Сұлтанда орналасқан Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың 14 қызметкері Коян қаласына келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Онда олар бір ай бойы оңтүстіккореялық әріптестерімен бірге жұмыс істейді. Қазақстандық делегация жетекшісі Нұргүл Аждарованың айтуынша, сапардың басты мақсаты – сәулелік диагностика, протон терапиясы және ядролық медицинаны қолдану арқылы онкологиялық ауруларды емдеу тәжірибесін үйрену. Алған білімдерін қазақстандықтар Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңа онкологиялық орталықта қолданбақ. Екі ел онкологиялық орталықтары арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға 2019 жылы Корея Президенті Мун Чжэ Иннің Қазақстанға мемлекеттік сапары барысында қол қойылған болатын. Мамандар тәжірибеден өтуге коронавирусқа байланысты карантинге қарамастан келді. Ол үшін Коян қаласына келгеннен кейін екі апта бойы оқшаулануға мәжбүр болды.

Нұргүл Аждарова, ҰҒОО Обыр ауруларын бақылау орталығының жетекшісі:

– Жергілікті дәрігерлер тұрғындармен өте тығыз байланыста болады. Оларға тіпті шылым шегумен, артық салмақпен қалай күресу керек екенін айтады. Біз өзіміз осында скринингтік орталықта тексеріліп, мұның бәрі Корея Республикасында қалай болатынын іштен білдік. Мұндай скринингтік орталықтардың Қазақстан Республикасында болғанын қалаймыз. Адамдар келіп, барлық тексерулерден өтіп, нәтижесін ала алады.