Елде күріш қымбаттамайды

Сыр дихандары осылай сендіріп отыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл Қызылордада 82 мың 900 гектар жерге күріш егілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 6 мың 550 гектарға аз. Егіс алқабын қысқартуға не себеп болды? Өнім азайып, баға көтерілмей ме? Биыл алғашқы төрт айда елде күріш өндірісі 7 процентке азайған. Бірақ Әзірге баға тұрақты. Облыстық ауылшаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Қайратбек Сәрсенбаевтың айтуынша, өңірде күріш қоры күзге дейін жетеді. Былтыр 500 мың тоннадай дән жиналды. Оны толық ақтағанда кемі 250 мың тонна ақ күріш шығады. Ал Республиканың ішкі сұранысы 151 мың тонна. Қалған 100 тоннадайы экспортталады. Биыл алғашқы тоқсанда 25 мың тоннасы шет елге сатылды. Күріш көбіне, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Моңғолия және Тәжікстан елдеріне экспортталады. Ішкі нарықта оның көтерме бағасы сұрыпына қарай 220-240 теңге аралығында. Сыр суының тартылуына байланысты алдағы жылдары күріш алқабының көлемі 75 мың гектарға дейін қысқаруы мүмкін. Десе де ішкі нарықты толық қамтуға мүмкіндік бар дейді мамандар.

Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

– Күріштің бағасы дәл қазір өседі деген болжам жоқ. Өйткені бүкіл Қазақстанды қамтамасыз етіп отыр. ЭЖкспортқа сұрап көбірек өткен жағдайда сол жағдайда көтерілуі мүмкін. Әзірге Қазақстан бойынша Қызылорда облысы ғана күріш егеді. Түркістан мен Алматыда аздаған көлемде бар. Негізі Қазақстанды толық қамтамасыз етіп отыр. шет елге экспортқа да шығарылып жатыр қазір.

ҚАНТ ШЫҒАРАТЫН ШИКІЗАТ ЖОҚ

Елге қант және қант құрағын әкелгендер БАЖ салығынан босатылады. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінде бұл жеңілдік мамырдың 15-інен бастап қыркүйектің 30-ына дейін енгізілді. Енді ел билігі жеңілдікті жүзеге асыру жолдарын бекітуі тиіс. Қазақстанның қант, азық-түлік өңдеушілер қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиеваның айтуынша біздің елде қант құрағын өңдеумен екі зауыт айналысады. Ал маусым басталғанда яғни қысқа қарай төрт кәсіпорын іске қосылады. Бірақ олар толық қуатта жұмыс істемейді. Осының салдарынан ішкі нарықтың тек 27 проценті ғана отандық өніммен қамтылады. Қалған қанттың барлығы импортталады. Қауымдастық өкілі алдағы уақытта жағдай түзеледі деген ниетте. Себебі Алматы облысында қант қызылшасының егіс алқабы үш есе көбейді. Бүгінде ел нарығында 40 мың тонна қант бар. 10 тоннасы азық-түлік корпорациясында. Бұл ішкі нарықты толық қамти алмағанымен өнімнің маусымдық қымбаттауы кезінде бағаны тұрақтандыруға жетеді. Айта кетейін, зауыттарда қанттың көтерме бағасы 282 теңгеден. Сарапшылар алдағы уақытта баға көтерілуі мүмкін деп санайды. Себебі жанармай қымбаттаған.

Нарықтағы баға айдарында 1 кг қант бағасы

Петропавл ₸310

Өскемен ₸325

Көкшетау ₸340

Талдықорған ₸370

Атырау ₸380

Нұр-Сұлтан ₸400

ҚАРЫЗДЫ ОНЛАЙН РӘСІМДЕУ ОҢАЙ БОЛМАЙДЫ

Енді микроқаржы ұйымдарынан онлайн несе алу оңай болмайды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі талапты күшейтті. Нақтырақ айтсақ қарыз алушыны танудың жаңа тәртібін енгізді. Яғни азамат электронды цифрлы қолтаңба және онлайн режимде бейнекамера арқылы биометриялық тексеруден өтуі тиіс. Қарыз алушыны тану тәртібін қатаңдату жыл басында басталған еді. Содан бері төрт айда жалған микрокердит беру жағдайы былтырмен салыстырғанда 3,6 есеге кеміді. Айта кетейік кейінгі кезде елде интернет алаяқтардың саны күрт көбейді. Жыл басынан бері олардың қатысуымен 8 мың қылмыс тіркелді. Соның басым бөлігі жалған несие рәсімдеумен байланысты. Өзгенің атынан қарыз алу үшін алаяқтар жалған төлқұжат пен суреттерді пайдаланған.

ӨЗБЕКСТАН МЕМЛЕКЕТТІК КОМПАНИЯЛАРДЫ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРЕДІ

2025 жылға қарай Өзбекстандағы мемлекеттік кәсіпорындардың саны 75 процентке қысқартады. Яғни жекеге беріледі. Үрдіс кезең-кезеңімен іске асады. Биыл алғашқы алты айдың өзінде мемлекеттке тиесілі 550 актив сатылады. Сондай-ақ үкіметтің қарауындағы 479 кәсіпорын жекешеленеді. Қазір елдегі ең ірі «Өзбекмұнайгаз», «Өзбектелеком», «Uzbekistan Airways» мемлекеттік компаниялар жаңаша құрылып, жекеменшік иелікке өтуге бейімделе бастайды. Сондай-ақ ел билігіне қарасты бірнеше банк үлесі сатылады. Мұндай қадам арқылы билік елде ашық бәсекелестікті дамытып, іскерлік белсенділікті арттырмақ. Дүниежүзілік банктің мәліметтеріне қарағанда бүгінде Өзбекстан тұрғындарының тоғыз проценті кедей. Жұмыссыздар көп. Нарықта жаңа жұмыс орындарын ашу үшін мемлекет нарықтық экономикаға өтуі тиіс.

Енді валюта бағамына тоқталсақ. Еліміздің ұлттық банкі АҚШ-тың бір долларын 426 теңге 99 тиынға бағалады. Еуро 517 теңге 55 тиынға тең. Ал ресей рубльі 5 теңге 93 тиын деп белгіленді.