Қазақстанда халықаралық оқыту онлайн-платформаларының аналогы іске қосылады

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ 28 маусымнан бастап қысқа мерзімді онлайн-курстарға оқытудың skills.enbek.kz порталын іске қосады.

Қазақстандық оқу орталықтары мен өзге де ұйымдар курстардың авторлары мен әзірлеушілері бола алады.

ҚР ЕХӘҚМ баспасөз қызметінің мәліметінше, портал маркетплейс (онлайн-қызметтерді сатып алу) қағидаты бойынша онлайн-курстарды ұсынатын оқыту алаңдарының қазақстандық аналогы болып табылады. Кез келген азамат талап етілетін дағдыларға немесе біліктілікті арттыру курстарына оқуға қол жеткізе алады. Курстың авторлары мен әзірлеушілері заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді, соның ішінде оқу орталықтарын, білім беру ұйымдарын тартуды жоспарлап отыр.

Портал ел халқының білім деңгейі мен кәсібилігін арттыру, мансаптық дамуды ынталандыру және «өмір бойы оқыту» тұжырымдамасын ілгерілету мақсатында құрылған.

Бұдан басқа, порталдың әлеуметтік мақсаты жұмыссыз адамдарды жұмысқа орналастыру мүмкіндіктерін жақсарту үшін мемлекет қаражаты есебінен оқыту болып табылады. Бұл функция 2021 жылдың екінші жартысында іске қосылады.

«ЕРДО» АҚ мүдделі ұйымдарды онлайн-оқыту бағытын дамытуда ынтымақтастыққа шақырады. Онлайн курстардың авторы немесе әзірлеушісі ретінде қатысу және оларды портал ресурстарын пайдалану бойынша төлемсіз орналастыру үшін https://skills.enbek.kz/ сілтемесі бойынша тіркеуден өту қажет.

Жаңа бастаған авторлар мен әзірлеушілер үшін порталда онлайн курстарды құру бойынша әдістемелік ұсынымдар және оларға қойылатын талаптар әзірленді және орналастырылды.

Авторлар үшін порталдағы әріптестіктің артықшылықтары мынадай:

Қосымша платформалар мен сайттар құруға инвестиция салмай-ақ, елдің барлық мүдделі азаматтары үшін сіздің онлайн-курстарыңызды орналастыру және ілгерілету;

Азаматтарды, сондай-ақ жұмыссыз адамдарды оқыту кезінде қосымша табыс көзін алу мүмкіндігі.