Депутат үкіметтен мал қырылу мәселесін шешуді талап етті

Былтыр Маңғыстауда 5 мыңға жуық мал басы қырылды.

Биыл да мыңнан аса үй жануары өлген. Бұл мәселені бүгін Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин көтеріп, Үкіметтен оны шешуді талап етті. Мұндай жағдай Қызылорда өңірінде де болған. Мұнда 481 жағдай тіркелген. Қазір батыста азықтың құны шарықтап тұр. Бір тук шөп 17 мың теңге, арпаның келісі 95 теңге. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі жеткізетін жем-шөп бәріне жетпейді. Осы орайда Еділ Жаңбыршин  аталмыш аймақтарда төтенше жағдай жариялап, шаруаларға қаржылай көмек беруді сұрады. Сондай-ақ, басқа облыстардан жайылым жерлерін бөлуді ұсынды.

Еділ Жаңбыршин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Осы зауалдың кесірінен қаншама отбасы ауыр жағдайға ұшырады, қаншама шаруашылық жер сипап қалды?! Оның есебі бар ма? Осындай жұтта халыққа қалай көмек береміз?! Әрине, халық бірінші кезекте Парламентке, Үкіметке арқа сүйейді. Қазіргі таңда Ауыл шаруашылығы министрлігі және жергілікті атқарушы билік жем-шөп жеткізу, қаржы бөлу сияқты шараларды іске асыруда. Алайда бұл көмек барлық мал шаруашылықтары мен жеке адамдардың мал басын қамтымай және жеткізіліп отырған азықтың бағасы қолжетімді болмай тұр.