Павлодар облысында масадан мал қырылып жатыр

Павлодар облысында шыбын-шіркейдің беті қайтар емес.

Облыс орталығында жағдай біршама тұрақталды. Әсіресе, ауыл жұртының масадан мазасы кетті. Ақтоғай ауданына қарасты Қожамжар ауылының тұрғындары қансорғыш жәндіктердің көптігі сонша, қорадағы қойлар арам өліп жатыр дейді. Мұрат Әбдумәліков тоқтысының өліп қалғанын таңертең көрген. Өрістен сау келген марқаның аурудан өлмегенін айтады. Маса мен шіркейге шыдамаған иттер де түні бойы қыңсылап шығады.

Мұрат Әбдумәліков, Қожамжар ауылының тұрғыны:

– Үш күн болды, міне, маса өте көп. Түннен таң атқанша түтін салып жүреміз. Иә, қойым масадан өлді.  Иттер де тығылып, сарайдан шықпайды.

Өлген малдан алынған сынама сараптамаға жіберілді. Әбден мезі болған көпшілік жағдайды қалта телефондарына түсіріп, әлеуметтік желілерге жүктеген. Ал ауданның атқамінерлері болса улау жұмыстары жүріп жатқанын айтады. Бұл үшін биыл 602 миллион теңге бөлінген.

Ермек Машрықов, Ақтоғай ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Ақтоғай ауданының бюджетінен 1 млн 380 мың теңге ақша бөлінді. Ол ақшаның 510 мыңы препарат сатып алуға, содан кейін 288 қалған сомасы уландыру жұмыстарын жасауға кетті. Өтес ауылынан бастап барлық ауылда уландыру жұмыстарын әлдеқашан бастағанбыз. Бүгінгі күнге дейін 4 рет уландыру жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыс әлі де жалғастырылады. Ертең, бүрсігүндері Ақтоғай басын тағы да улайын деп жатырмыз.