Атырауда кәсіпкерлерге қысым көрсетілді

Атырау облысында тексерушілерден әбден мезі болған 37 кәсіпкер облыстық прокуратураға шағым түсірген.

Бұл жағдай, әсіресе, пандемия кезінде жабылып қалған сауда орындарында жиі кездескен. Прокурорлардың араласуымен ШОБ-қа қатысты 445 заңсыз тексерудің күші жойылды. 27 тұлға жауапкершілікке тартылды. 17 мыңнан астам жеке кәсіпкерлік субьектісінің 16 мыңы өңірдегі санитарлық ахуалдың жеңілдеуіне қарамастан, уақытында өз жұмысын бастай алмаған.

Бауыржан Жұмақанов, Облыс прокурорының орынбасары:

– Яғни екі мың шаршы метрге дейінгі ғимараттары бар кәсіпкерлер қызметтерін қайта бастау үшін хабарлама берудің өзі жеткілікті болатын. Ал санитарлық дәрігерлер тексеру жүргізбей ашуға рұқсат бермеген. Сонымен қатар мораторийге қайшы шығарылған қалалық маслихат комиссиясы төрағасының қаулысына да наразылық енгізіліп, заңдастырылды. Нәтижесінде сауда орталығындағы шағын кәсіпкерлердің қызметін тексеру жөнінде заңсыз тапсырманың күші жойылды.