Бизнесте қазақ тілін қолдану аясы кеңейіп келеді

«Алматыдағы бизнес қай тілде сөйлейді» деген сауалнама жүргізген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институты мамандары осындай қорытындыға келген.

Әлеуметтік сауалнамаға 5,5 мыңға жуық қала тұрғыны мен кәсіпкер қатысқан. Солардың 65 проценті қазақ тілінің бизнес пен кәсіпкерлік тіліне айналуға әлеуеті жеткілікті екенін айтқан. Өйткені қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап ететіндер саны артып отыр. Бұл тақырыпқа байланысты институт ресейлік ғалымдардың қатысуымен Тіл білімі және экономиканың құрмаласуы атты конференция өткізген еді. Қазір ғылым ордасында тілдің қоғамдағы көріністерін тілтанымдық тұрғыдан зерттеу үшін әлеуметтік-лингвистикалық бөлім ашу жоспарланып отыр. 

Анар Фазылжан, А. Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры:

- Қазақ тілділер саны күн санап артып келе жатыр. Бір Алматының өзінде 70 проценттен астам қазақ тілді қауымдастық бар десек статистикаға жүгініп, онда мен қателеспеймін. Ал ол тұтынушыға көрсетілетін қызмет, тауар, барлығы да ұлттық тілде және сапалы болуы керек. Біз қазір осындай мәселелерді көтеріп жатырмыз. Сауалнама қортындылары біздің тұтынушылардың қазақ тіліне деген сұранысын әлдеқайда артқанын, ендігі мәселе осы сапаға байланысты екенін көрсетіп тұр. Қазақ тілінде көрсетілетін бүкіл қызмет сапасы біздің тұтынушыларды алаңдатады.