Қазақстан тағы бір вакцинаны сынақтан өткізгелі жатыр

Елімізде коронавирусқа қарсы тағы бір жаңа вакцина жасалады. Екпе QazCoVac-P деп аталады. Бұл суббірлікті вакцинаны клиникалық зерттеу Жамбыл облысында жүріп жатыр. Қазір екпені сынақтан өткізу үшін еріктілер тартылып, алғашқы кезеңге дайындық басталды.

Отандық вакцинаның клиникалық зерттеу жұмыстары Тараз қалалық көп бейінді ауруханасының базасында жүргізілмек. Сынақ екі фазада өтеді. Оған 18 бен 50 жас аралығындағы адамдар ерікті түрде тартылып жатыр. Вакцина салынбас бұрын әрбір тұрғын жіті медициналық тексерістен өтуі тиіс.

Нұрлан Әбілдаев, қалалық көп бейінді аурухананың бас дәрігері:

- 44 адамды бір күнде салуымыз керек. Ол вакцина жолда келе жатыр. Бірінші уколды біз 44 адамды жинаймыз, қалай жинаймыз соның ертесіне саламыз. Ол бір аптаға созыла ма? Он күнге созыла ма біз жаңағы сринингті бітіп алуымыз керек. Побочный эффект барлық вакцинада температура, әлсіздік болуы мүмкін.

Зерттеудің екі кезеңіне жалпы саны 244 адам қатысады. Алғашында екпені 44 адамға салып көреді. Олар 6 ай бойы дәрігерлердің бақылауында болады. Бүгін скринингтік тексеру жұмыстары басталды. Оған 30 шақты адам ниет білдірген.

Рита Омарова, Тараз қаласының тұрғыны:

- Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылып хабар берілді. Өз еркіммен бүгін осы вакцинаны салғызуға келіп тұрмын. Және үйдегі салғызбаған туған-туысқандарымды да бүгін салғызуға шақырғам. 

Жаңа вакцинаны Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген. Ғалымдардың айтуынша, жаңа вакцина суббірлікті. Яғни мұнда тірі вирус қолданылмайды. Оны адамдарға салмас бұрын тышқан мен маймылдарға салып көрген. Мамандар жануарлардың жеңіл қабылдағандығын айтып отыр. Алайда адам ағзаға түскен препаратты әр түрлі көтеруі мүмкін. Оған әлеуметтік орта, иммунитет пен климат та әсер етеді.

Берік Хайруллин, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері:

- Клиникалық зерттеудің бірінші фазасы аса маңызды. Бұл препараттың қауіпсіздігі мен нәтижелілігін анықтауға мүмкіндік береді. Алдын ала болжам бойынша бұл екпе біріншісінен де жеңіл болады деп күтілуде. Сондықтан барлығы алдағы жұмыстардан кейін белгілі болады.

Бұл вакцина да адамға екі рет салынады. Олардың арасы 21 күнді құрайды. Әзірге балаларға, жүкті әйелдерге, диспансерлік тіркеуде тұрған созылмалы ауруы бар адамдарға салынбайды. 

Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев