424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Приозерск қаласында кәріз суын тазарту станциясының құрылысы тоқтап тұр

  • 108
  • UPD: 21:12, 16.06.2021

Қарағанды облысының Приозерск қаласында кәріз суын тазартатын станцияның құрылысы 5 жылдан бері тоқтап тұр. Әуелде бұл жобаға мемлекет қазынасынан 1 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінсе, кейін қондырғылар қымбаттап, жұмыс аяқсыз қалған. Салдарынан қаладан шыққан қалдық су жақын маңдағы тоғанға төгіліп жатыр. 

Кәріз суын тазартатын станцияның құрылысы 2014 жылы басталған болатын. Ол үшін республикалық бюджеттен 1 миллиард 250 миллион теңге қаржы бөлінген. Нысанға қажетті қондырғылардың басым көпшілігі Еуропа елдерінен жеткізілуі тиіс еді. Алайда баға шарықтап, 2016 жылы құрылыс біржола тоқтайды. Осылайша жоба аяқсыз қалып отыр.

Темірхан Айдарханов, қалалық ТҮКШ Жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:

- Қондырғылар привязка долларда болғандықтан, курс доллар өскендіктен, біз екі жылдың ішінде сатып алғанша девальвацияға байланысты қымбаттауға ұшырап қалды. Төрт жылдай болды, ақша табу жұмыстары жүргізілді. Одан кейін корректировка жасалды проектіге. Бүгінгі күнге облыстық бюджеттен ақша қаралып жатыр 135 миллион.

Мамандардың айтуынша, станция іске қосылса тәулігіне 8600 текше метр қалдық суды тазарта алады. Бұған қоса құрамындағы биогумусты сүзіп алып, тыңайтқыш жасауға болады екен.

Сергей Курец, коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысы:

- Өкінішке орай, жоба орта жолда қалды. Егер іске асса пайдасы ұшан-теңіз. Біріншіден, жиналған қалдық заттардан тыңайтқыш өндіріледі. Оны жылыжайларға, ауыл шаруашылығына кеңінен пайдалануға болады. Ал сүзгіден өткен сумен қаладағы бау-бақшаны, саябақтар мен гүлзарларды суарамыз.

Егер қазынадан қосымша қаржы табылса, бірегей жобаны өзге мердігер компания жыл соңына дейін аяқтауы тиіс. Ал әзірге қаладан шыққан қалдық су 5 шақырым қашықтықтағы тоғанға төгіліп жатыр.

Авторлар: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы