Шымкенттің жолы мен көлік қатынасында жыл соңына дейін өзгерістер болады

Әуелі алып құрылыс алаңына айналған Рысқұлов-Қонаев көшелерінің қиылысындағы жолайырық пайдалануға беріледі. Орталық көшелерді жөндеу жұмыстары да толық аяқталып, көлік қатынасы бірізділікке қойылады. Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов бағынышты басқарма басшыларын жинап, стратегиялық дамудың негізгі жұмыстарын қорытындылады.

Биыл 168 нысанға жоспарланған 300 шақырымдық жол құрылысы өткен жылдағыдан өзгерек. Себебі орталық магистралды жолдан бөлек ішкі орамдық көшелерге басымдық берілді. Ал қаланың көркін келтіріп, кептелісті азайтуға мүмкіндік беретін жаңа жол айырығының жұмысы аяқталуға жақын. 

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

- Биылғы жылдың аяғына дейін сол развязкадағы жолды ашамыз деген жоспарымыздан әлі тайған жоқпыз. Сол жоспарға жетуге тырысамыз. Қонаев көшесінің жалғасы жүріп жатыр. Қазір барып көресіздер. Біз көп ақшаны көп жолдарды ішкі орамдық шалғай аудандарға жіберіп жатырмыз. Қазір қарайтын болсаңыз 168 көшенің тек ғана 7 көшесі ғана қаланың ішіндегі магистралдық көшелер.

Сондай-ақ жергілікті билік қоғамдық көлікті жаңғыртуды жалғастыра бермек. Бұл күн тәртібінен түспейтін тақырып дейді. Тіркелген 79 маршруттың 73%-і кешенді схемаға сәйкес жұмыс істеуде. Ал осы уақытқа дейін «Төлем» электрондық жүйесінің арқасында 26,8 млн транзакция жасалған. Сол себепті сұранысқа сапалы қызмет көрсету аясындағы жұмыстар тоқтамақ емес.

Мақсұт Исахов, қала әкімінің орынбасары:

- Ең бастысы, біздің алған 590 газды автобустың 300-ін іске қостық. Енді тағы да 290 автобусты қосуымыз керек. Бәріңіз білесіздер не үшін қосылмай жатқанын. Газдық заправкалар жоқ. Қазір мынау екінші газдық заправканы қостық. 3-4 заправка құрылысының жобалау жұмыстары басталып жатыр. Екеуі де жеке инвистицияның есебінен. Өзіміздің жағымыздан көмектесіп жатырмыз. 

Шымкентте туристерді тарту үшін еліміздің 13 қаласынан тікелей әуе рейсі жолға қойылды. Нәтижесіне шымшаһар саяхаттаушыларды қабылдау бойынша бесінші орында.

Авторлар: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов