Елордада үздік он стартап авторларына 50 мың доллардан берілді

Елде дарынды адамдарға арналған онлайн-платформа пайда болады. Осының арқасында азаматтар әлемнің кез келген жерінен білім ала алады. Стартап авторы көмек қаржыны алып, жобасын іске асыруға кірісіп кетті. Сонымен қатар кинематографистер мен блогерлерге арналған алаң құрылады. Нәтижесінде жас мамандар жұмыс табады. Бүгін осы сынды бірқатар жоба Kazakhstan Digital Accelerator бағдарламасының сертификатын жеңіп алды. Бұл «Бәйтерек» холдингінің бастамасы.

Білім беру жүйесі, жасанды интеллект, бұлттық геймингке арналған платформа. Kazakhstan Digital Accelerator бағдарламасының екінші айналымына осы сынды 150 стартапер өз жобасын жіберген. Финалға дейін соның 10-ы жетіп, бүгін қомақты қаржыға ие болды.

Әділ Нұрғожин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарушы директоры:

- Бұл бағдарлама біздің сингапурлық инвесторлар Темасек компаниясымен бірге жасалған Бәйтеректің бірден бір инвестициялық қоры. Қазақстанның басқа қалаларымен жұмыс істейтін боламыз. Осы жаздан бастап Астана Хабпен бірге үш ұйым Қарағандыға, Павлодарға, Шымкентке, Алматыға, Атырауға, басқа да өңірлерге барып, сол жерден тағы бір стартаптар жинаймыз деп үміттенеміз. 

Стартаптар бірнеше талап бойынша бағаланған. Бастысы, жобалар әлемдік нарықта сұранысқа ие болуы тиіс. Бүгінде ерекше дүниелерді ойлап тауып жатқандар баршылық. Алайда бізде жаңа технологияға бағытталып жатқан инвестиция аз.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

- Венчурлік инвестиция осы бізде Қазақстанда аса дамымаған. Сондықтан осы саланы дамыту үшін, венчурлік инвестицияларды тарту үшін біз мемлекет ретінде Бәйтерек арқылы осы фондтарды ұйымдастырып жатырмыз. Біз сол практиканы үйреніп, өзіміздің Қазақстанда да осындай мамандарды даярлау керекпіз.

10 стартаптың авторлары әрқайсысы 50 мың доллардың сертификатына ие болды. Жеңімпаздар енді бұл қаржыға өз жобаларын дамыта алады. Атап өтейін, былтыр да 10 азамат осындай қолдауға ие болған. Келесі жылы тағы 10 стартаперге қомақты қаржы беріледі.

Авторлар: Қорған Қонысбайұлы, Аят Дүйсембаев