Ақтөбе облысындағы Шалқар көлінің табаны тазартылып жатыр

Экологиялық ахуалы ақсап тұрған өңір тұрғындары үшін бұл көптен күткен жаңалық болды. Себебі ауа райы ыстық, шөлейтті өңірдегі су қоймасы соңғы жылдары қамыс пен қоғаға толып, суы тартылып қалған еді. Көлемді жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 3 миллиард теңге бөлінді.

Бір ғасырдан астам уақыт бұрын бөгеліп, қолдан жасалған бұл көл бұған дейін тазартылмаған. Сондықтан суы тартылып, жаздың бел ортасына жетпей көгеріп кетеді. Қазір сыйымдылығы шамамен 7-8 миллион текше метр ғана. Табанындағы лай шығарылғаннан кейін 25 миллионға дейін жетуі тиіс. Арнаулы техниканың көмегімен жарты метрден бір жарым метрге дейін тереңдетіледі. Бұл түбіне тұнған қоқыс пен балдыр-қоға қалдықтарынан арылтып, судың гидрохимиялық құрамын жақсартуға мүмкіндік береді.

Рашид Сламбеков, мердігер мекеменің өндірістік директоры:

- Осы айдың 20-сы күні тағы да екі земснаряд келеді. Олар жолда келе жатыр. Олар бөлек-бөлек тасылып жатыр. Қазір жартысы келді, пантондары келді де, қалғандары келе жатыр. 20-сына келіп болады. Сосын оларды да суға түсіріп, екі жерден екі учаскеге қоямыз. Июльге қарсы 4-земснаряд қосылады.

Аудан орталығындағы көлді шаруалар бау-бақша суаруға қолданады. Балық шаруашылығы тағы бар. Тұрғындар үшін маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Сондықтан мердігер мекеме өкілдері негізгі тазарту жұмыстарын жыл соңына дейін тәмәмдаймыз деп отыр. Алдағы көктемде көл табанынан шыққан шымды Шалқар қаласын көгалдандыруға қолдану көзделген.

Жанболат Жидеханов, Шалқар ауданының әкімі:

- Осыдан шыққан құмдарды біздер енді Шалқар халқының сұрауы бойынша, өздеріңіз де көрген де шығарсыз, Көжеғола көшесіндегі сорды жабуға және Селиванка қалашығындағы үлкен сор бар. Соны жабуға пайдаланғалы отырмыз. Оның өзі Шалқардың болашақта экологиялық тұрғыда үлкен жақсылыққа әкеледі деп ойлаймын. Олардың үстіне ертең көгалдандыру жұмыстары жүргізіледі. 

Мамандардың пайымдауынша, Шалқар көлінің табанын тазарту үшін 3 миллион текше метр лай алынуы керек. Ол үшін 60-қа жуық арнайы техника жұмылдырылып, 80 адам еңбек етуде. 

Авторлар: Мансұр Есқожин, Болат Молдағалиев