424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Үштөбе қаласында үш жыл бұрын ескі асфальт алынып, орнына жаңасы төселмеген

  • 119
  • UPD: 14:34, 17.06.2021

Алматы облысы Үштөбе қаласындағы Төле би көшесі 2018 жылы күрделі жөндеуден өтуі керек болатын, деп хабарлайды «Хабар 24».

Құрылыс мерзімінде басталғанымен аяғына жетпеді. Нақтырақ айтқанда, ескі асфальт алынып, орнына жаңасы төселмеген. Содан бері негізгі көшелердің бірі ойқы-шойқы болып жатыр. Қазынадан 220 млн теңгеден аса қаржы бөлінген жол құрылысы не себепті соңына жетпеді?

Үштөбедегі орталық көшенің осындай күйде жатқанына үш жыл болды. Көлік жүрген сайын шаңы бұрқырап көкке көтеріледі. Жауын жауса балшық болып езіледі. Тақтайтайдай тегіс етіп жасалып, жарықтандырылуы тиіс жолға электр шамдарының бағаналары да орнатылмаған.

Қанипа Қожабекова, Үштөбе қаласының тұрғыны:

- Бір ұйым жасады да, тастап кетті. Әкім ауысты, басқасы келіп еді, жылжымайды. Тұр енді. Жауын жауса батпақ. Жүре алмайсың, әрі беріден кейін такси келмейді бізге мына жолдан қашып. Ал, енді кешке жақын қорқамыз. Қараңғы. Бұл біздің жүрегіміз ауыратын нәрсе болды. Бізге жаны ашитын адам болса екен.

Жолдың шамамен 500 метріне ғана асфальт төселіпті. Қалған 1,5 шақырымы қиыршық тас төселген қалпында қалған. Суағарлардың беті де ашық жатыр. Жаман жолдан шаршаған жүргізушілер бұл көшені айналып өтуге тырысады.

Айдос Қасымбаев, жүргізуші:

- Сырттан келгендер білмей қалып үлкенірек жылдамдықпен келгендер тоқтай алмай, астын соғады да, сырады да жатады. Қыста мүлдем қиын. Мына жерде жүре алмай қаласың. Тоқтайсың да қаласың. Көліктің түгі қалмайды.

Ерлан Сақбаев, жүргізуші:

- Жүрмеуге тырысамыз. Одан да айналып өтейік жақсы жолмен. Мына жерде машинаның бір жерін құртамыз.

Данияр Сыдықов, жүргізуші:

- Жасап берсе жақсы болатын еді. Ең негізгі осы жолдар ғой. Осы екі көше.

Жол саласына жауапты мамандар мердігер мекеме ақшаны алғанымен құрылысты аяқтамады деп отыр. Сол себепті олардың үстінен сотқа шағым түсірген.

Самат Жарманов, Қаратал аудандық «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімінің басшысы:

- Талап арыз 2019 жылы мамыр айынан бастап берілді. Сот процесіне «Алмаз М» мүлде қатысқан жоқ. Келген жоқ. Әр сот шешімі бойынша екі ай ішінде, үш ай ішінде жұмысты аяқтау жөнінде міндеттеледі. Бұл шешім қазіргі таңда орындалған жоқ.

Үш жүзге төрелік айтқан Төле би бабаның есімімен аталатын көшеге қатысты ертең Ескелді ауданында тағы да сот отырысы өтеді. Мәселенің шешілуі сол жерде қабылданған үкімге байланысты болмақ. Ал, әзірге үш жыл бойы шыдап келе жатқан тұрғындарға тағы біраз күте тұруына тура келеді.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Жеңіс Әбдірешов

Хабар 24 телеарнасы