Жамбыл облысы Талас ауданында ағын су жүйелері тозып, істен шыққан, деп хабарлайды «Хабар 24».
Соның салдарынан суармалы алқап үш есеге дейін азайып, өнім де төмендеді. Он мың гектардан астам жердің тек 50%-і ғана игерілуде. Қазір шаруалар егінді жанама арықпен суарып амалдап отыр. Бұл проблема Ақкөл мен Тамды ауылдық округінде ептеп шешіле бастады. Облыстық және аудандық бюджеттен қаражат бөлініп, 50 жылдан бері жөндеу көрмеген науаларды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бір ғана Ақкөл су жүйелерінің бойында 20-дан астам шаруашылық орналасқан. Қазір олардың дені су тапшылығынан диқаншылықпен айналыса алмай отыр. Науасыз су шықпайды. Тек Нұржаппар Исахметов сияқты судың басында отырған шаруалар ғана егін еккен. Оның өзі су жүретін науалар қирап, тозып кеткендіктен суды арықпен жүгіртіп амалдап отыр.
Нұржаппар Исахметов, шаруа:
- Лаж жоқ, арық қазып, сөйтіп суғарып жүрміз. Оның бәрі үлкен шығын. Алған суымыздың үштен бірі жерге сіңіп кетеді. Тасиды, өйтеді, бүйтеді. Сөйтіп, өнім аз болып жатыр. Жер көлемі ұлғайған сайын жұмыс көзін ашуға болады. Қазір менде маусымдық 10 адам жұмыс істеп жатыр.
Шаруа қазір небәрі 271 гектар суармалы жерді игеріп отыр. Су болмаған соң егіс алқаптары жайылымға айналған. «Ағын су жүйесі жөнделсе егістікті мың гектарға дейін ұлғайтып, өнімділікті 3-4 есеге арттыруға мүмкіндігі бар», - дейді ол. Қазір жарты ғасыр жөндеу көрмеген науаларды қалыпқа келтіру жұмыстарының алғашқы кезеңі басталды. Биыл Тамдыда екі, Ақкөлде бір су жүйесі қолға алынып, жалпы ұзындығы 3,5 шақырым науа жөнделмек.
Ауданбек Ерубай, Талас аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
- Тамды ауылдық округіндегі екі каналға 66 миллион теңге бөлінген. Ол енді бүгінгі күні конкурс беріліп, жеңімпаз анықталып, жөндеу жұмыстары басталып жатыр. Қазір Ақкөл участогінде тұрмыз. Бұл жерде жалпы 1345 гектар инженерлік система бар. Ол жерде 14 лоток жүйесі бар. Биылғы жылы осы Р-1 дейтін бір лоток жүйесіне 72 миллионға ақша бөлініп, конкурс берілген.
Жалпы Талас ауданы бойынша 23 шақырым темір бетонды науаны жөндеу жоспарда. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Бастапқы жұмыстарға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырылып отыр. Ал, толық қалыпқа келтіру үшін 1,5 миллиард ақша қажет. Оған республикаға өтінім берілмек. Жоба мақұлданса, аудандағы бос жатқан мыңдаған гектар суармалы жер игеріліп, су үнемделмек.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев