Шымкентте симуляциялық орталық ашылды

Шымкентте жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған симуляциялық орталық ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда жедел жәрдем станциясының қызметкерлері алғашқы медициналық көмектің шұғыл әрекеттерін практикалық тұрғыдан шыңдап, біліктіліктерін арттырады. Ол үшін Түрік елінен жүзге жуық автоматтандырылған оқыту манекені жеткізілді. Ақылды құрылғылар жүрек пен өкпе, тыныс алу жолдарын бақылау тренажері, көктамыр ішіне енгізуге арналған жаттығу жастықшасы сынды 50 түрлі оқыту құрылғысымен жабдықталған. Олар практикалық тұрғыда жедел көмек көрсету барысында маманның әрекетін арнайы түстермен дұрыс әлде бұрыс екендігін көрсетіп бағалайды. Әрі бағыт-бағдар береді. Алдағы уақытта полиция қызметкерлері мен құтқарушылар да алғашқы көмекті көрсетудің қыр-сырын үйреніп, тәжірибеден өтеді.  

Бақытжан Позилов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біздің құрал-жабдықтарымыз Қазақстанда алғаш рет. Бұл жерде баланың туылуынан бастап ересектерге дейін кез келген жағдайда, мысалы, инсульт болған жағдайда, жол апаты, биіктен құлау, қан-қысымының көтерілуі кезінде, босану сияқты барлық жағдайда осы жерде медицина қызметкерлеріміз тек қана жедел жәрдем емес, басқа да аурухана, емхана қызметкерлері осы жерде үйренеді.