Елордадағы ғылыми орталықта жазғы лагерь ашылды

Әлеуметтің осал топтан шыққан балалар енді тегін түрде ғылыми лагерьге бара алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Лагерь елордадағы дамыту орталықтарының бірінде орналасқан. Ерекшелігі сол, онда робототехника, бағдарламалау сынды сабақтар жүргізіліп, демалыспен қатар баланың ойлау қабілетін дамытуға басымдық беріледі. Жазғы демалысты қызықты әрі пайдамен өткізіп жүрген бүлдіршіндермен біздің тілшілеріміз де тілдесіп қайтты.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Тұңғыш Президент музейінің үшінші қабатында дамыту орталығы орналасқан. Тоғыз ай ол ғылыми орталық ретінде жұмыс істейді. Ал жазда балалар лагеріне айналады.

Әлкей Марғұланұлы, Н.Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:

- Жазғы ғылыми лагерьдің ерекшелігі неде? Яғни, 7-15 жас аралығындағы біздің елордамыздың жас тұрғындарына арналған кешенді дамыту бағдарламалары қосылған. Оның ішіне робототехника, веб-дизайн дағдыларын арттыру. Домбыра сыныптары, шахматқа үйрету, виртуалды шындық секілді комбинация жасалған жаңа ғылыми лагерь ұсындық.

Бір топта 10-12 баладан. Әлеуметтік осал топтан шыққан балаларға осындай лагерьге тегін баруға мүмкіндік бар.

Әлкей Марғұланұлы, Н.Назарбаев қоры атқарушы директорының орынбасары:

- Әлеуметтік жауапкершілік деген ұғым бар. Соған байланысты біз көп балалы отбасылардың балаларына, жетім балаларға, арнайы көмекті қажет ететін отбасылардың балаларына біз тегін квоталық орындар беріп жатырмыз.

Александр Бихерт, «Назарбаев орталығының» даму жөніндегі директоры:

- Лагерьдегі баланың күн тәртібі мынадай. Балаларды аниматорлар күтіп алып, жарты сағаттай жаттығу жасайды. Сосын таңғы ас. Одан кейін бір сағат бағдарламалау, 3D модельдеу сияқты ғылыми танымдық сабақтар өтеді. Кейін далаға шығып ойнап, түскі асқа келеді. Ал түстен кейін сурет салу, ермексазбен ойнау сияқты сабақтар.

Балалар лагерьде демалып қана қоймай, жаңа технологияларды игеріп, уақытын тиімді өткізеді. Таза ауада сурет салып, робот жасаудың қыр сырымен танысады. Ол үшін ғылыми лагерьде барлық жағдай жасалған.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Ал мына тордың ішінде балалар робототехника сабағында жинаған дрондарын ұшырады.

Лагерьдегі екі аптада балалар бір ай оқитын курстардың ықшамдалған нұсқасын меңгереді. 

Ағзама Исмағзұм, ғылыми лагерьдегі оқушы:

- Маған өте ұнады шахмат.

- Шахматтан басқа қандай сабақтар ұнайды лагерьде?

– Рототехника. Олдарда мен компьютермен программаны істедім.

Динмухаммед Жүнісбек, дамыту орталығының оқушысы:

- Шахмат ойнағанды жақсы көремін. Стратегиялық ойлау керек. Бұл шахмат деген миға арналған ойын. Алты жарысқа қатысқанмын. Солардың біреуінен медаль ала алмадым, қалғандарынан алдым.

Ғазиза Мұхамеджанов, тілші:

- Лагерьде Тик-Ток және мобилография деген сабақтар да өтеді. Танымал трендтегі қимыл-қозғалыстарды көрсетіп, оны видеоға дұрыс түсіруді үйретеді.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанов, Жандос Битабаров