Медициналық мәліметтер E-Health жүйесіне біріктіріледі

Отандық денсаулық сақтау саласындағы 47 ақпараттық портал E-Health жүйесіне біріктіріледі.

Бұл туралы жауапты ведомство министрінің орынбасары Жандос Бүркітбаев Мәжіліс депутаттарымен кездесуде хабарлады. Оның айтуынша, бұл жүйе биыл әзірленіп, келер жылы толыққанды жұмыс істейді. Нәтижесінде науқастар барлық қызметтерге бір терезе қағидасы бойынша қол жеткізе алады. Жаңа жүйеде азаматтардың қай емханаға тіркелгені, есепке тұруы, рецептері, ауруханаға жатқызылуы мен тапсырған анализдері туралы мәліметтері жинақталады. Жаңа портал ақ халаттылардың да жұмысын жеңілдетеді. Мәселен, қазір дәрігерлер бір науқастың мәліметтерін базаға енгізу үшін орташа есеппен 17 минут жұмсайды. Сондай-ақ вице-министр ақпаратты сақтауға жауапты Ұлттық электронды денсаулық сақтау орталығын коммерциялық емес ұйымға айналдырып, саланы цифрландыруды соған жүктеуді ұсынды. Ол үшін заңға бірқатар өзгеріс енгізу қажет болып тұр.