Тәуелсіз сарапшылар Атыраудағы сәби өліміне қатысты сот шешіміне күмән келтірді

Атырау облыстық перинаталдық орталығында сәби өліміне кінәлі деп танылған бұрынғы дәрігерлердің ұзақ жылға бас бостандығынан айырылуы әділ болмауы мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір тәуелсіз сарапшылар мен қорғаушылар осылай дейді. Сот-медициналық сараптама қорытындысында бірқатар қарама-қайшылық бар және тергеудің өзінде көптеген бұзушылықтар анықталған. Мәселен, орталықтың бұрынғы бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевтан тергеудің барлық кезеңінде ешқашан жауап алмаған. Сондай-ақ адвокаттар бала ана құрсағынан өлі туған сараптамада нәрестенің мәйітін ауыстырған және дәрігерлер диалогындағы аудиожазба монтаждалуы ықтимал дегенді алға тартып отыр. Айта кеткен жөн, апелляциялық сот отырысы келесі аптада өтеді.

Нұрлан Жолболов, қорғаушы:

- Сараптамада нәресте мәйітін ауыстыруы мүмкін. Бұл нұсқаны құжат жүзінде, тіпті фото мен видео және есеп кітабы арқылы нақтылауға болады. Жалпы бұл іс сотқа берілгенге дейін қоғамда дәрігерлердің теріс бейнесі қалыптасты. Ал сот өз кезегінде қоғамдық пікірге қарсы келгісі келмеген сияқты.