424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды өңірінде әлеуметтік нысандардың құрылысы тоқтап қалуы мүмкін

  • 119
  • UPD: 20:44, 17.06.2021

Себебі жыл басынан бері құрылыс материалдарының құны орта есеппен 40 процентке өскен. Ал тендерді былтырғы бағамен жеңіп алған компаниялар енді тығырықтан қалай шығарын білмей дал. Бұлай бола берсе шағын фирмалардың барлығы банкротқа ұшырап, қаншама адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Бағаның шарықтауына не себеп, мәселе түйіні шешіле ме? 

Ардақ Асылханұлы, тілші: 

- Елімізде жыл басынан бері құрылыс материалдары 40 процентке қымбаттаған. Ол аздай, көп зат тапшы екен. Биыл тек Қазақстанда ғана емес, көрші мемлекеттерде де құрылыс қарқын алған соң материалға сұраныс артқан. Ал өкінішке орай, отандық кәсіпорындар ол қажеттілікті қамтамасыз ете алмай отыр.

Төлеген Әшімов жетекшілік ететін компания тек Қарағанды өңірінде 15 ғимарат салып жатыр. Оның басым көпшілігі әлеуметтік нысандар. Өкінішке орай, жуырда соның үшеуінің құрылысын тоқтатуға мәжбүр болған. Себебі шығын көп.

Төлеген Әшімов, құрылыс компаниясының директоры

- Құрылыс индустриясын дамыту керек. Бизнесмендер кредит алып, кірпіш зауытын салуы керек. Арматура шығаратын зауыттар салыну керек, блок шығаратын зауыттар салыну керек. Соның бәрін ойластырып, бизнесте жүрген азаматтар ресторан, кафе, магазин сала бермей, зауыт салуға тырмысуы керек. Сол кезде бізде баға түседі.

Кәсіпкерлердің айтуынша, біздегі құрылыс нарығы импортқа тәуелді. Айталық, тек темірдің 45 проценті, ал шынының 100 проценті сырттан жеткізіледі екен. Бағаның шарықтауының бір себебі осы. Қазір шығынға батқан шағын компаниялар мемлекеттен көмек сұрап отыр.

Нейля Қайырбекова, Қарағанды облыстық құрылысшылар қауымдастығының директоры:

- Сметалық нормаларды қарастыратын бізде арнайы институт бар, ғылыми зерттеу институты бар министрлік жанынан құрылған. Сол институттың қолында. Ол институт сол жұмыстар үшін арнайы құрылған. Сондықтан тез арада бүгінгі сметалық нормаларды басқаша өзгертіп, бүгінгі жағдайға сәйкес қылдырса, онда мүмкін бұл жағдайдан біз аман-есен шығармыз деп ойлаймыз. 

Жалпы елдегі тиісті заңға сәйкес, егер материал сметада көрсетілген бағадан 10 процентке қымбаттаса, компания құрылысты тоқтатуға құқылы екен. Бірақ жобалау-сметалық құжатты қайта қарап, қосымша қаржы бөлу кем дегенде 7-8 ай уақыт алады.

Абзал Жайлыбаев, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы:

- Әр нысан бойынша жеке-жеке қарастырудамыз. Шын мәнінде солай ма, әлде басқа да факторлар бар ма екен. Қазіргі уақытта Үкімет басшысының тапсырмасымен проектілерге корректировка жасауды жылдамдату бойынша тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Осы 3-4 аптада шешімін табады деп ойлаймын.

Сала мамандарының айтуынша, егер шұғыл шара қолданбаса, қаншама құрылыстың тоқтап қалу қаупі бар. Тиісінше мыңдаған адам жұмыссыз қалуы мүмкін. Айта кету керек, қазір Қарағанды облысында 23 миллиард теңгеге 39 әлеуметтік нысанның құрылысы жүріп жатыр. 

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы