Павлодарда көлік жуу бекетіндегі жұмыста аяғынан айырылған әйел көмекке зәру

Павлодар қаласының тұрғыны медициналық көмекке зәру. Былтыр автокөлік жуу бекетінде жарақат алып, екінші топ мүгедегі атанған Валентина содан бері оңалтудан өте алмай келеді. Жуырда кесілген аяғы қабынып, денсаулығы сыр бере бастапты. Әйел адам дәрігерлерден әзірге қолдау болмағанын айтады.

Жас әйелдің өмірін өксіткен бақытсыз оқиға өткен жылы болды. Валентина Найдина көлік жуу бекетінде жұмыс істеп жүріп қатты жарақат алды. Әріптесі көлікті жууға кіргізгенде ол қабырғаға қысылып қалған. Салдарынан екі аяғынан қатты жарақат алады. Дәрігерлер бір аяғын кесіп, екіншісін сақтап қалды. Осыдан кейін Валентинаға екінші топ мүгедектігі тағайындалды.

Валентина Найдина, екінші топ мүгедегі:

- Төмен жағының қабынғанына бүгін міне төртінші күн. Біз облыстық ауруханаға бардық. Үшінші қалалық ауруханада ультрадыбыстық зерттеу жасау керек деді. Бірақ оны жасаудан бас тартты. Ешқандай ем-шара қолданбады. 

Жарақат бөлімінің дәрігері ауырған жерге тек йод жағуға кеңес беріпті. Ал оңалту-сауықтыру курсын тағайындаудан бас тартқан. Себебін де ашып айтпапты. Сарапшылар науқасқа мүгедек арбасының тиесілі еместігін алға тартыпты. Амалы таусылған Валентина журналистерден көмек сұрауға мәжбүр.

Эльмира Темірғалиева, денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Әрине науқастың жағдайы жақсы деп айтуға болмайды. Сондай жағдайларға байланысты қазіргі жағдайда медициналық қызметкерлердің консилиумы өткізіледі. Сол консилиумның қортындысы бойынша қажетті медициналық қызмет көрсетіледі. Арнайы оңалту жұмыстары да жүргізіледі. Яғни науқастың өзін біз ерекше бақылауымызда ұстап жатырмыз. 

Көлік жуу бекетінде зардап шеккен әйел адам қазір жұмыс берушінің кінәлі екенін сот арқылы дәлелдеу үстінде. Бірінші инстанцияда жеңіске жетті. Алайда сот шешімімен келіспеген қарсы тарап, яғни көлік жуу бекетінің иесі сотқа шағым түсірген. Егер сот апелляциялық шағымды қайта қараудан бас тартса, күрделі істі Еңбек басқармасы қолға алып, кешенді тексеру жұмыстарын бастайды.

Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат