Репитер құралы тұтас елді мекеннің ұялы байланысын нашарлатып жібереді

Қазақстанда интернет қолданушылар саны едәуір өсіп, ел халқының шамамен 85 процентіне жетті. Интернет пен байланыс кез келген жерде қолжетімді деп айтуға болады. Бірақ кейбір елді мекендерде сигнал деңгейі бәсең. Бұл көп жағдайда байланысты күшейтуге арналған репитер құралдарының кесірінен болады.

Ауыл тұрғындары интернет байланысын жақсарту үшін репитер сатып алуды шығарды. Қабанбай батыр ауылы тұрғындарының бірі осы құрылғыны 3 ай бұрын қондырған.

Жұмабай Хамит, Қабанбай батыр ауылының тұрғыны:

- Ұлым сатып алып, «әке осыны қондырайық» деді. Құрылғыны орнаттық. Қазір енді көршілеріміз шағымданып жатыр. Олардың айтуынша, аумақтағы байланыс сапасы нашарлап кетті.

Репитері бар тұрғынның интернет байланысы жақсарғанымен көршілерінікі нашарлайды. Сертификатталмаған арзан құрал сәуле шығарып, 100 метр радиустағы басқа қолданушылардың сигнал ұстауына кедергі келтіреді.

Алма Төлепбекова, Қабанбай батыр ауылының тұрғыны:

- Көршіміз сигнал зорайтқыш қондырғалы бері телефоннан дыбыс кетті. Интернетте ақаулар пайда болды. Бейнебайланысқа шығудан қалдық. 

Кейде репитер құрылғысы базалық станция жұмысының ақауына алып келеді. Бүтін бір ауылдағы байланысты тежейді. Бүгінде аталған құралдар еркін сатылымда. Уәкілетті органдарда тіркеуді де талап етпейді. Құрылғыны мәжбүрлі түрде сөндіру, тәркілеу немесе иесіне айыппұл салу мүмкін емес.

Қуаныш Иманбаев, ұялы оператор техникалық бөлімінің басшысы:

- Егер бұл ауылда бір емес, бірнеше репитер болса, жағдай одан бетер нашарлайды. Тексеру жұмыстарына талай мәрте шықтық. Сол кезде белгілі бір ауылда бірнеше ондаған репитер болады. Салдарынан бәріне ортақ байланыс сапасы жоғалады. 

Ұялы операторлардың байланысын тежемейтіндей етіп репитер орнату тек кәсіби маманның қолынан келетін дүние. Сондықтан тұрғындарға өздігінен қондыруға болмайды. Әйтпесе бүкіл ауыл байланыссыз қалуы мүмкін.

Автор: Мирлан Алтынбек