Жетпіс үш миллион желге ұша ма?  

Атырау облысы Жылыой ауданының орталығы Құлсары қаласында қыруар қаржыға салынған қоқыс жәшіктері жарамсыз күйде тұр.

«ЭкоБин» деп аталатын жер асты контейнерлерін осыдан екі жыл бұрын тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі тапсырыс беріп, сатып алыпты. Бірақ арнайы техниканың жоқтығы қол байлау болып отыр. Жетпіс үш миллион теңгеге сатып алынған 81 дана қоқыс жәшігі қаладағы 49 жерге орналастырылған. Контейнерлердің кәдеген жарамай, әлі күнге дейін құлыптаулы тұрғанына тұрғындар наразы.

Асхат Қабдолов, Құлсары қаласының тұрғыны:

– Салуын салып қойды, бірақ жұмыс жасап жатқан жоқ. Жасағанын қалаймыз. Аз ақша бөлінген жоқ қой, жетпіс млн дейді, естіп жатырмыз.

Сатып аларда айды аспанға шығарып, тың дүние жасаймыз дегендер қазір әр нәрсені бір сылтауратады. Оның негізгісі – қоқысты жер астынан көтеріп шығаратын арнайы манипулятордың жоқтығы. Техниканы сатып алар қаржы тағы жоқ. Енді қалалық әкімдік мұны тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің теңгерімінен өздеріне алмақшы. Сол кезде ғана қосымша қаржы қарастырылатын көрінеді. 

Қадыржан Адинов, Құлсары қаласы әкімінің орынбасары:

– Қазір ЭкоБиндер Құлсары қаласы әкімдігі аппаратының теңгеріміне берілуде. Қала әкімдігінің теңгеріміне алынған соң аумағы абаттандырылып, тұрғындардың игілігіне беріледі.

Қарапайым қоқыс жәшігінен артықшылығы көп деген контейнерлердің қашан кәдеге жарайтыны белгісіз. Әдеттегідей, қазынадан қыруар қаржы бөліп, артынша жарамсыз боп қалатын жобалардың бірі болмаса болды,- деп тұрғындар уайымдап отыр.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин