Уыз ембей, ұнтақ жеген ұрпақ ұсақталып кетпей ме?

Елімізде соңғы уақытта жаңа туған баланы жасанды қоспамен тамақтандыратындар көбейіп барады.

Нарық заманы ма әлде, адамның тапқан амалы ма, әйтеуір баласын екі-үш жыл емізетіндер некен саяқ. Бірі мүсінім мүлтіксіз болсын деп емізуді ерте тоқтатса, енді бірі еңбек етемін деп асығады. Есесіне әлжуаз бала көп. Босанған жас аналардың 62 проценті ұрпағын жасанды ұнтақпен тойдырады екен. Мұндай деректі ЮНИСЕФ балалар қоры берді және оны азайту жолдарын ұсынды. 

Ардақ Шырынбекова, «Ана сүтімен емізу» бағдарламасы бойынша сарапшы, медицина ғылымдарының кандидаты:

– Ана сүті деген теңдессіз, құдайдың берген сыйы болып есептеледі. Сондықтан «ана сүтін алмастырушылар» деген терминнің өзі де мүлде оған сәйкес келмейді. Әр минуттың өзінде ананың сүті өзгеріп отырады. Оны кәдімгідей ғылыми түрде ұстап алып, құрамын толығыменен 100 пайыз күйінде ананың сүтіне теңестіру мүмкін емес.

Әр ананың сүтінің құрамы әртүрлі. Ол ағзада нәрестенің қажетіне қарай түзіледі. Ал жасанды ұнтақ дайындалған бір құраммен шығарылады. Ол біреуге жақса, өзгесіне кері әсер етеді.

Анар Қыстаубаева, педиатр:

Анасын ұзақ уақыт емген баланың иммунитеті мықты болады. Өйткені онда балаға қажетті барлық дәрумен бар және артық не кем мөлшерде емес. Ал сүттің орнына жүретін қоспада кейбір дәрумендер көп, кейбірі аз болуы мүмкін. Сондай-ақ неден, қалай жасалғанын жете біле бермейміз. Ұнтақ жеп өскен балаларда аллегрия, семіздік және ішек аурулары жиі кездеседі.

Балаға ұнтақ берудегі басты себептердің бірі – анасынан сүт шықпау. Алайда дәрігерлер сәбиін сүтке жарыта алмау мың адамда бір кездесетін сирек жағдай екеніне сенімді. Халықаралық ЮНИСЕФ қоры да осы пікірді ұстанған. Олардың айтуынша жас аналар дұрыс әрі ұзақ емізудің тиімділігін ескере бермейді. Сосын жарнамаға сеніп, жасанды сүттің көмегіне жүгінеді.

Артур Ван Дизен, UNICEF Қазақстандағы өкілі:

– Қазір Қазақстанда нәрестелердің тек 38 проценті 6 ай ғана ана сүтімен қоректенеді. Қалғаны емізумен қатар қоспаларды қолданады. Бұл өте аз. Жас аналарды дұрыс емізудің тиімділігі туралы ақпараттандыру керек. Оның үстіне маркетинг саласын жүйелеу маңызды. ДДСҰ ұйымы 40 жыл бұрын осыны реттейтін ереже қабылдаған. Онда медицина мекемелерінде қандай да бір ұнтақты жарнамалауға және дәрігерлердің кеңес беруіне тыйым салынған. Қазақстан бұл құжатты ратификациялаған жоқ.

Зәуре Құлахметова, «Балажан» қоғамдық қорының білім бағдарламалары бойынша директоры:

– Ана сүтін алмастыратын қоспалардың жарнамасын теледидардан да, көше бойындағы жарнама тақтайларынан да жиі көреміз. Оларда томпиған баланың суреті, жағымды ақпараттар жазылады. Бұл жас аналарда қоспаға қызғушылығын арттырады және сәл сүт шықпаса соған жүгінеді. Негізі жаратылыста әр ана өз баласына қажетті сүтті бере алады. Тек дұрыс тамақтанып, қажетті ережені сақтауы керек.

Қазір емханаларда сәбиін сүтке жарыта алмайтын аналарға қоспа тегін беріледі. Ол үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп тауарды жеткізуші тендрмен таңдалады. Бұған қоса қоспа шығаратын кәсіпорын медицина қызметкерлері арасында тауарын жарнамалап, сыйлықтар ұсынады. Өнімін кеңес беруге үгіттейді. Өйткені тыйым салатын заң жоқ.

Зәуре Құлахметова, «Балажан» қоғамдық қорының білім бағдарламалары бойынша директоры:

– Компания өкілдері келіп, дәрігерге келіп мынадай дәптерлер таратып кетеді. Қарапайым зат. Бірақ онда астыртын дарнама бар. Мәселен мына сурет соның дәлелі. Мына баланы көрген адам қоспаның зияны туралы ұмытып кетеді.

«Мұны ұмыттырмау үшін қоспаны шығаратындарға талап қойылу керек. Яғни қоспаның қорабында  емізудің пайдасы туралы кеңестер жазылуы тиіс»,– дейді ЮНИСЕФ маманы. Сондай-ақ ұнтақты жарнамалау мәселесі тез арада жүйеленуі қажет. Бұл жас ананы жансақ ойдан қорғап, дені сау ұрпақтың өсуіне өз септігін тигізеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Ербол Дайыров