Қостанай облысында байланыссыз отырған елді мекендер бар

Қостанай облысында Ұлттық халық санағына интернетсіз отырған ауылдар офлайн режимде қатысады.

Себебі өңірдегі жиырмадан астам шекаралық және шалғай елді мекенде байланыс жоқ. Қазір науқанның дайындық кезеңі аяқталуға жақын. Сауалнама жүргізушілер 320 мыңдай тұрғын үй мен саяжайдың жартысын аралап, есеп учаскелерін бөлуге кірісті. Естеріңізге сала кетсек, бірінші қыркүйектен басталатын халық санағы онлайн форматта өтеді. Яғни тұрғындар sanaq.gov.kz сайтындағы 87 сұраққа жауап беру мүмкіндігіне ие. Ал қашықтан өтуден қаламаған немесе интернеті жоқ үйлерді санақ алушылар планшетпен аралап есепке алады.

Жалпы облыста халық санағын өткізуге 248 миллион теңге бөлініп отыр.

Айбек Ғалымжанов, облыстық Статистика департаментінің басшысы:

– Кейбір елді мекендерде интернет әлсіз болуы мүмкін. Сол кезде тағы бір опция қарастырылған. Оны оффлайн дейді. Біз сол оффлайн режимімен жұмыс істейміз де, күні бойы үй шаруашылықтарын аралап, кешкі уақытта жұмыс біткесін жергілікті әкімшілікке келіп, солардың компьютерімен қорғалған жүйе бар, сол арқылы орталық серверге өзіміздің мәліметтерімізді жүктейміз.