Нұр-Сұлтандағы музейде «хоккей алаңы» ашылды

Елорда тұрғындары мен қонақтары музейге барып спортпен айналыса алады.

Иә, құлағыңыз шалыс естіген жоқ. Тұңғыш Президент музейінде интерактивті спорт бұрышы бар. Осылайша қызметкерлер тарихи жәдігерлерді жаңа қырынан көрсетуді қолға алған сыңайлы. Тұрғындарды музейге тартудың тың тәсілімен біздің тілшіміз де танысып қайтты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті музейінде «Даңқ сәттері» деген зал бар. Интерактивті экспозиция залы дәстүрлі өнер ордасына мүлдем ұқсамайды. Мұнда келушілер бір сәтке спортшы ретінде бағын сынай алады. Зілтемірді көтеріп, ауыр атлетика чемпионы боласыз ба немесе велосипедке отырып, қарсыластарыңызды шаң қаптырасыз ба, өз еркіңізде. Бокс пен хоккейден де сайысқа түсуге болады.

 Гүлім Ыдырысова, экскурсия қызметінің бас сарапшысы:

– Нөмірі төртінші экспонат бірнеше дүркін мәнерлеп сырғанаудан чемпионымыз Элизбет Тұрсынбаеваның мәнерлеп сырғанауға арналған конькиі. Осының үстіңгі жағында нөмірі екінші экспонатқа назар аударсаңыз, бұл Олимпиада чемпионы Данияр Елеусіновтың сонау Рио олимпиадасында алған алтын медальмен бірге табысталған кәдесыйы.

Ал болашақ спорт жұлдыздары деп аталатын аймақта естелік суретке түсуге арналған алаң бар. Фотоны келушілер электронды поштаға жібере алады.

Перизат Шаяхмет, Балқаш қаласының тұрғыны:

– Біз Балқаш қаласынан келіп отырмыз. Мұражайға келіп, қуанып, ерекше әсер алып жатырмыз. Бәрі қатты ұнады.

Музейде Нұр-Сұлтан қаласына қатысты деректер өте көп. Қаланың бас жоспарынан бастап, оның 2030 жылға дейін қалай дамитынын білуге болады. Мысалы мына картаға қарап, біз Нұр-Сұлтан қаласында 2030 жылға дейін жеті аудан болатынын аңғардық. Ал қазір елордада төрт аудан бар.

 

ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТ МУЗЕЙІ ЖАҢА ЖӘДІГЕРМЕН ТОЛЫҚТЫ

Жалпы музей экпозициясы жеті тақырыптық залдан тұрады. Оның барлығын аудиоэкскурсиямен аралауға болады. Көрермен назарына 700-дей экспонат қойылған. Музей қорына түскен тың жәдігердің бірі Тұңғыш Президенттің еңбек жолына қатысты. 1962 жылы Финляндия астанасы Хелсинки қаласында бүкіләлемдік жастар мен студенттердің фестивалі өтеді, оған Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. Жаңа экспонат осы тарихи кезеңнің куәсі.

Гүлім Ыдырысова, экскурсия қызметінің бас сарапшысы:

– Нұрсұлтан Әбішұлының бұл алғашқы шетелдік іс-сапары болған екен. Металлургия комбинатында жұмыс істейтін жастардың атынан делегат ретінде Нұрсұлтан Назарбаев осы фестивальге қатысып баяндама жасайды. Сол фестивальде белсенді жұмыс істегені үшін марапатталған құрмет грамотасы  осыған дейін музей экспозицияларына қойылып, көрсетіліп, баяндалып айтылатын еді. Бұл жаңа музей экспозициясында сол құрмет грамотасының жанында 1962 жылы грамотамен бірге табысталған естелік белгі бар.

Музей қорына келіп түскен экспонаттардың бірі экспозицияға қойылған екен. Бұл жәдігер Түркия Президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Елбасыға жасаған тартуы. Мына қылыш Осман империясын басқарған Сұлтан Сүлейманның қылышының көшірмесі.

Пандемияға байланысты музейде шетелдік туристер жоқ, бірақ қала тұрғындары мен қонақтары, әсіресе балалар музейді құлшына аралайтынын байқадық.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров