425,70 504.60 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Нұр-Сұлтанда колизей салынады

  • 113
  • UPD: 12:32, 18.06.2021

Елорданың студенттер саябағына көше спортына арналған шағын кешен орнатылады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

NS street life көше спортына арналған кешен (колизей) Мұңайтпасов көшесіндегі студенттік саябаққа орнатылады.

Көше спортына арналған екі деңгейлі мультифункционалды арена бұқаралық спортты дамыта түспек.

Онда баскетбол, футбол, бокс турнирлері мен би жарыстарын өткізу жоспарлануда. Ал қыста трибуна мұз айдынына айналуы мүмкін. Оны орнату жұмыстары басталып кетті. Спорт әуесқойларына арналған жаңа орын шілде айында ашылмақ.

«Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспарының тұжырымдамасы аясында қоғамдық кеңістіктер, саябақтар, жайлы қалалық орта, оның ішінде көше спортын насихаттау үшін инфрақұрылым салу қолға алынды. Мұндай алаңдардың әрбір ауданда болуы үшін полицентрлік қағидат ескеріледі»,– деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Ұранхаев.

NS street life көше спорт аренасында төрт кіреберіс, оның ішінде айнала отыратын орын болады. Екінші деңгейде көлеңкелі шатырлар қарастырылған. Бірінші деңгейде отыратын орындар саны – 350 адам, екінші деңгейде – 100-ге жуық.

«Бос аумақтар – спорт үшін ең қолайлы орын. Ал Ататүрік атындағы саябақта йога алаңы ұйымдастырылады. Көше спорты колизейінің іші мен сыртында бірнеше жарысты қатар өткізуге болады», – деді Урбанистика орталығының басшысы Елнар Базыкен.

Елордада «Нұр-Сұлтан – жайлы қала» мастер-жоспары аясында биыл 160 аула мен қоғамдық кеңістікті абаттандыру жоспарланып отыр.

Хабар 24 телеарнасы