СҚО-да ауыл шаруашылығына қолдау көрсетілді

Солтүстік Қазақстан облысында май зауытында жаңа цех салынды.

Енді кәсіпорында сүт, айран, қаймақ шығарылады. Кәсіпкер Бәйтерек ұлттық басқарушы холдингінің агронесиелік коропорациясының «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 125 млн. теңге ақша алып, жаңа жұмыс орындарын ашты.

Бұл зауыттың майы табиғи тазалығымен танымал. Өнім отандық нарықтан бөлек, Ресейдің Түмен, Омбы, Екатеринбург, тіпті қиырдағы Владивосток қалаларында сатылады. Кәсіпорында күніне 35 тонна сүт өңделіп, сыр, ірімшік, май шығарылады. Енді қаймақ, айранның цехі іске қосылды.

Светлана Ахметгалева, май зауытының технологі:

Аграрлық несие корпорациясы арқылы бізге 125 млн. теңгеге жуық ақша бөлінді. Оған мына ғимаратты салып, Ресейден құрал-жабдықтар сатып алдық. Бұл өндіріс қуатын арттыруға мүмкіндік берді. Несие өте тиімді пайызбен берілді.

Мемлекет қолдауымен кәсібін кеңейткен тағы бір шаруа – Владимир Гердт. Ол Власовка ауылында отбасылық тауарлы- сүт фермасын құрды. Биыл аграрлық несие корпорациясынан 65 млн. теңге несие алып, Украинадан асылтұқымды ірі қара мал сатып алды. Қазір сиырлар бұзаулап жатыр.

Владимир Гердт, шаруа қожалығының басшысы:

Мемлекеттік қолдауы өте зор. Сатып алынған малдың әр басына, сауылған сүттің әр литріне субсидия беріледі. Ауыл шаруашылығы кешенін салуға да қолдау бар. Бұл біз секілді кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік.

Өңірде жыл басынан бері 22 млрд. теңгенің 400-ге жуық жобасы қаржыландырылды. «Бұл ауыл шаруашылы саласын дамытып, елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», – дейді мамандар.

Алмат Қожахметов, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ СҚОФ директоры:

– Жалпы аграрлық несие корпорациясы құрылыс жобаларын қаржыландыруға дайын. Сонымен қатар ірі қара малын, қондырғылар мен ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға қолдау көрсетеді. Биыл 6 тауарлы сүт фермасын салуға өтініш жасалды.

Биыл «Агробизнес» бағдарламасына 71 млрд. теңге бөлінді. Ол еліміздің шаруалар қауымын қолдауға бағытталады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Руслан Әлиев