Жыл басынан бері ауыл шаруашылығында ₸1,1 трлн өнім өндірілді – ҚР АШМ

Биылғы қаңтар-мамыр айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 3,1%-ке артып, 1 110 млрд теңгені құрады, деп хабарлады ҚР АШМ баспасөз қызметі.

ҚР АШМ мәліметінше, өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2%-ке ұлғаюы (1 039,4 млрд теңге) есебінен қамтамасыз етілді. Атап айтқанда, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,5%-ке, сүт өндірісі 3,1%-ке өсті.

«Аталған кезеңде өсімдік шаруашылығы өнімдері 58,3 млрд теңгеге өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ті құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта (жылыжайда) өсіру есебінен қамтамасыз етілді», – делінген баспасөз қызметінің мәліметінде.

Облыстар бойынша республикалық деңгейден жоғары қарқын төрт облыста байқалды: Ақмола – 113,8%, Павлодар – 103,9%, Батыс Қазақстан және Қарағанды – 103,3%.