Арал ауданында төтенше жағдай жариялануы мүмкін

Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай режимі енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазіргі таңда құжаттары дайындалып жатыр. Аймақта мал өлімі тоқтатылды, дегенмен, қуаңшылық көтерем түліктің қоң жинауына кедергі болып отыр. Жем-шөп тауып бере алмай қысылған шаруа қожалықтары мал басын азайтуға көшкен. Жергілікті билік қолдағы мал азығының қорын жинақтап жатыр. Ауданға мың тоннадан астам жоңышқа мен 40 тонна құрама жем әкелінді. Мамандар қазір топырақ құрамын зерттеу үстінде. Егер сараптама қорытындысымен минералдар жеткіліксіз болып

шықса, төтенше жағдай жарияланады.

Еркін Әбішев, Арал ауданы әкімінің орынбасары:

- 3 аймаққа бөлдік: «қызыл», «сары», «жасыл» аймақ. «Жасыл аймаққа» 4 елді мекен кіріп тұр. Өз жайылымы, шабындығымен қыстан малын аман-есен алып шығады. «Сары аймаққа» 30-40% жайылымы бар жерлерді кіргіздік. «Қызыл аймаққа» 13 елді мекен кіргізіп тұрмыз. Жалпы 10% дейін жарамды жайылымы бар. Қалған 90% толығымен жарамсыз.