«Хабар 24» тілшісі кәсіби мереке қарсаңында медицина қызметкерлерімен жүздесті

Былтыр жазда ковидтің таралуы күрт артып, халық жаппай ауру жұқтыра бастағанда әр ауруханада коронавирустық стационарлар ашылды.

Медицинадағы барлық сала дәрігерлері бірігіп, инфекция салдарымен күресті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Адам өмірі үшін жанталасқан жандар сол бір ауыр күнді күрсіне еске алады. Кәсіби мереке қарсаңында медицина қызметкерлерімен тілшіміз жүздесіп, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді сөз етті.

Ғазиза Мұхамеджанова, тілші:

- Гүлмира Мұхамедиеваны ауруханада бірден табу қиын. Екі жыл бұрын қаланың үздік дәрігері атанып, осы салаға отыз жылын арнаған ол қазір бөлім меңгерушісі. Білікті маманға келетіндер көп. Сондықтан сұхбатты кезекті науқасты қабылдау кезінде жазып алдық. Алдымен отолоринголог аурухана қалай коронавирустық стационарға айналғанын баяндады.

Гүлмира Мұхамадиева, №1 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Біздің бөлімшеде 142 науқас жатып кетті. Оның ішінде 16% о дүниеге кеткен науқастар болды. Өте көп, ең ауыр уақыт сол кезде. Шын айтқанда дала өте ыстық. Аурухананың ішінде де қорғаныш костюмдерін киіп жүрген кездер. Ауыр кездер еді. Бірінші тәулік осында болдық. Үйге кетпей сол науқастарға көмек жасадық. Неге десеңіз? Бірінші, кездескен науқастар ауыр болғаннан кейін қайта квалификациядан өткізу болды бізде. Жас мамандармен бірге бүкіл дәрігерлер қалды осында. Жұмыс істедік.

Даир Рахметов, №1 қалалық аурухананың оториноларингология орталығының дәрігері:

- Шыны керек, ол кезде тамақ, су ішуге уақыт болмай кеткен кездер болды. Ал қазір оның бәрін күлкімен еске аламыз. Ал ол кезде күлуге де, демалуға да мұрша болған жоқ.

Иә, 2020 жыл бүкіләлемдік медицинаға ауыр сынақ болды. Қарапайым адамдардың өмірі бір сәтке тоқтағандай болды. Ал ақ халаттыларда керісінше, аурулар саны еселеп жатты. 

Даир Рахметов, №1 қалалық аурухананың оториноларингология орталығының дәрігері:

- Дәрігерлердің өздері ауырып қалып жатты. Медбикелер, санитарлар барлықтары ауырып қалып жатқаннан кейін дәрігерлердің көзі тапшы болды. Сондықтан да өте қиын жағдайда жұмыс істедік. Тәулігімен жұмыс істейміз. Сенбі, жексенбі деген демалыс күндер жоқ. Үнемі телефонда хабарда отырамыз. Тек қана осы аурухана емес, басқа ауруханадағы науқастарды біз сол жаққа барып кеңес жасадық. Сол кездегі дәрілік заттардың көптеген дефициттері, медперсоналдың жетіспеушіліктері бізге өте ауыр соққы болды.

Бірақ қазір қалалық аурухананың отолорингология бөлімі қалыпты режимге оралды. Мұнда күніне 25-30, ал жылына 3 мыңнан астам операция жасалады. Бұдан бөлек, тәжірибелі дәрігерлер резиденттерге дәріс оқып, науқастарды емдеу тәсілдерін үйретеді.

Гүлмира Мұхамадиева, №1 қалалық аурухананың бөлім меңгерушісі:

- Жас мамандар көп, өсілімдер көп бізде. Жақсы нәтижеге жетіп жатырмыз. Сосын тағы айтатын, жастар бәрі шетелге барып жатыр жылда. 3-4 рет, жеті рет шетелге барады. Енді жас мамандар болашақта аймақтарға барып, осындай қызмет жасаса, бізге жұмыс кішкене азаяды деп ойлаймыз.

Әр адамның денсаулығы өз қолында, сондықтан дәрігерлер оған немқұрайлы қарамай, сақтанып жүруге шақырады.

Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Жандос Битабаров