Ақмола облысының әкімі үш ауысымды мектептер проблемасының қашан шешілетінін айтты

Қосшыға қала мәртебесін беру туралы құжат қазір орталық мемлекеттік органда жатыр.

Мұны Ақмола облысының әкімі айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ермек Маржықпаев өңірде үш ауысымды мектептер проблемасы қашан шешілетініне де жауап берді.

Қорған Қонысбайұлы, тілші:

- Жалпы облыстық маңызы бар қала атану үшін елді мекенде 50 мың адам тұруы тиіс. Ал, қазір Қосшыдағы тұрғындардың саны 60 мыңнан асқан. Алайда, олар қағаз жүзінде Нұр-Сұлтанда тіркелген. Бірақ Қосшыда тұрады.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

- Құжат бойынша адам санын бекіту жөнінде екі жарым айдан бері жұмыс істеліп жатыр. Осы кезге дейін Қосшыны қала қылу мақсатында 28 бөлімнен тұратын жол картасын әзірленді. Оның 21-і орындалды. Биыл екі мектеп пен балабақша салынып жатыр. Жалпы Қосшыны дамыту үшін былтыр да, биыл да 7 миллиард теңге бөлінген.

Қазанның мектебіндегі қанды қырғын әлі ұмытыла қойған жоқ. Қазір білім ордаларын барынша қауіпсіз қылмақ керек. Бұл орайда өңірдегі мемлекеттік білім беру ұйымдарының бәріне бейнебақылау камерасы орнатылған. Көкшетаудағы барлық мектепке мамандандырылған күзет қойылған. Енді аудандар мен облыстың өзге де қалаларындағы мектептерге осындай күзет қою мәселесі қарастырылып жатыр. Бұдан бөлек, әкім үш ауысымды мектептердің де мәселесіне тоқталды.

Ермек Маржықпаев, Ақмола облысының әкімі:

- «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында биыл 10 мектептің құрылысы мен 94 оқу орнын жаңғырту қарастырылған. Жоспарлы түрде үш ауысымдағы мектептер мәселесі шешіліп жатыр. Жыл соңына дейін Целиноград ауданында төрт мектепті, Көкшетауда оқыту-тәрбие кешені мен қосымша оқыту корпусын пайдалануға беру жоспарланған. Бұл нысандар облыстағы 3 мектепте үш ауысымда оқыту мәселесін шешуге мүмкіндік береді.

Жалпы алдағы жылы 980 орынға арналған тағы 4 мектеп ашылады. Көкшетаудағы №4 орта мектепте қосымша корпус салынады. Осылайша, үш ауысымдағы және апатты мектептер мәселесі толық шешілмек.

Авторы: Қорған Қонысбайұлы