423,75 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елордадағы «Алаш» базары жоғары кернеулі электр желісінің астында тұр

  • 162
  • UPD: 23:16, 18.06.2021

Елордада қауіпті базар бар. Жұрт жоғары кернеулі электр желісінің астында сауда-саттық жасап жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек электр мұнарасы ғана емес, сауда орнының санитарлық жағдайы да сын көтермейді.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Бұл – елордадағы ірі базардың бірі. Мұнда 500-ге тарта адам еңбек етеді. Кәсіпкерлердің дені көкөніс пен жеміс-жидек сатып, табыс табады.

Базардың аты затына сай болмай тұр. Ең алдымен санитарлық-тазалық жағдайы сын көтермейді. Түсіру тобымыз көтерме сауда орнын аралап, қоқыс жатқан бірнеше жерді анықтады. Базардың кіреберісі мен ішкі жолдары да талапқа сай емес. Асфальт төселмеген. Шаң-тозаңы шығып жатыр. Бұған базар басшылығының айтар уәжі де бар.

Сауда орнындағы мәселе бойынша қалалық санитарлық-эпидемиологиялық департаментке хабарластық. Ондағылар жағдайдан хабардар екенін жеткізді. «Әрі алдағы күндері арнайы мониторингтік топ барады», - деді.

Айнұр Дәулетбаева, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

- Негізінде бұл базарға қатысты былтыр да шағым түскен. Бірақ біз кәсіпкерлікті тексеруге салынған мораторийге байланысты тексере алмай отырмыз. Дегенмен, шағымдарды жинақтап, мониторингтік топқа бердік. Олар базардың санитариялық жағдайын бақылауға алады. Бұл негізінен кәсіпкерлердің жауапкершілігі аз дегенді білдіреді.

Сатушылар мен келушілерді алаңдатқан негізгі мәселе бұл ғана емес. Сауда орнының аумағымен жоғары кернеулі электр желісі жүргізілген. Мұнаралар арасында дүңгіршектер орнатылған. Саудагерлер бұдан қаншалықты қауіп барын білмей еңбек етіп жүр. Ал білетіндер «электр мұнарасының астында сауда жасамақ түгілі, тұрудың өзі қауіпті», дейді. Бұл жоғары кернеулі электр сымдары Ақмола облысы бойынша электр қуатын тарату компаниясына тиесілі. Мекеме мамандары базар басшылығына бірнеше рет хабарласып, бағана жанында сауда жасау қауіпті екенін ескерткен. Алайда құлақ асар ешкім табылмапты. «Енді қатаң шара қабылдауға мәжбүрміз», - дейді компания өкілдері.

Авторлары: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров  

Хабар 24 телеарнасы