Синоптиктер: Ақтөбе облысындағы кей аудандарда қуаңшылық болады

Алдағы қыста мал қырылып қалмауы үшін ақтөбелік шаруалар 3 млн тоннаға жуық шөп дайындауы тиіс, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл 500 мыңнан астам ірі қара мен 1 млн-нан аса аша тұяқтыны және 200 мыңға жуық жылқы мен 19 мың бас түйені жем-шөппен қамтамасыз етуге жетеді. Пішен ору науқаны енді басталды. Әзірге 320 мың тонна шөп жиналды. Синоптиктер кей аудандарда қуаңшылық болатынын болжап отыр. Мәселен Әйтеке би және Хромтау ауданында биыл шөп дұрыс шықпауы мүмкін. Ауыл шаруашылығы саласына жауапты шенеуніктер «өңірді қажетті мал азығымен қамтамасыз етуге мүмкіндік бар», деп сендіріп отыр. Шаруалардың шабындығы тақырға айналса, мемлекет қорындағы жерлерді үлестіруге әзір.

Асылхан Абтиев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

- Біздің облыстағы шабындық жерлер қажетті шөп қорын жинауға жеткілікті. Егер шаруалар қиындыққа тап болса, мемлекет қорындағы жерлерді оруларына болады. Ол үшін жергілікті әкімдікпен хабарласса болады.

Синоптиктер қуаңшылық болады деп болжаған Қызылорда мен Маңғыстау облысында да жағдай мәз емес. Аймақта малдың қырылуы тоқтағанымен, қуаңшылық салдарынан төрт түлік қоң жинай алмай қалды. Жем-шөп тауып бере алмай қысылған шаруа қожалықтары мал басын азайтуға көшкен. Жаз айларында аптап ыстық болуы мүмкін аймақтар қатарында Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары да бар. Оның ішінде шығыстағы Абай мен Қостанайдың Амангелді аудандарында төтенше жағдай болуы мүмкін деп болжануда.