Біртанов қамауда отырған әріптесі Берік Шәріпті кәсіби мерекесімен құттықтады

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов қамауда отырған әріптесі Берік Шәріпті кәсіби мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін экс-шенеунік СҚ «Фармацияның» бұрынғы басшысына қатысты куәгер ретінде сотқа қатысуы тиіс болатын. Алайда уақыттың тапшылығына байланысты тараптардың құптауымен судья Елжан Біртановты дүйсенбі күні сөйлетуді шешті. Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі де бұл шешімге қарсы болмады. Тек судьядан рұқсат сұрап, әріптесі Берік Шәріпті келе жатқан медицина қызметкерлері күнімен құттықтап, сәттілік тіледі. Берік Шәріп те Елжан Біртановты кәсіби мерекесімен құттықтады. Медицина саласында жоғары лауазымда қызмет еткен екеуінің ісі қазір сот қарауында. «Бюджет қаржысын ысырап етті» деген айыппен Елжан Біртанов былтыр қазанда тұтқындалып, артынан үй қамаққа алынды. Ал, СҚ «Фармацияның» бұрынғы басшысына былтыр көктемде қорғаныш киімін уақытылы жеткізбеу салдарынан медицина қызметкерлері жаппай ауруға шалдықты деген айып тағылған.