Қызылорда облысында аудандық орталық ауруханалар мәселесі түбегейлі шешіледі

Қызылорда облысында аудандық орталық ауруханалар мәселесі түбегейлі шешіліп, жаңасы салынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алда ауылдық амбулаторияларды түгел жаңалап шығу міндеті тұр. Былтыр Арал ауданының Шижаға және Жалағаштағы Ақсу елді мекендерінде дәрігерлік бекет пайдалануға берілсе, биыл тағы бірнешеуінің құрылысы басталады. Жалпы Тәуелсіздіктің 30 жылдығында өңірдің денсаулық сақтау саласы айтарлықтай жетістікке жетіп отыр. Медицина күні қарсаңында халық саулығы жолында аянбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер марапат төрінен көрінді.

Облыс бойынша 2024 жылға дейін алғашқы медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін 62 нысанды жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ 14 амбулатория, 9 дәрігерлік бекеттің  жоба-сметалық құжаттары әзірлену үстінде. Осы тектес жобалармен бөліскен аймақ басшысы әлемдік пандемия қоғамға медицина мамандарының қажеттілігін бұрынғыдан да артық сезіндіріп, мәртебесін биіктете түскенін айтты.

Гүлшара Әбдіқалықова, облыс әкімі:

- Ең үлкен баға халықтың шынайы көңілі екені белгілі. Облыс бойынша індетпен күрескен 3 мыңға жуық медицина қызметкерлеріне 3 млрд тг көлемінде үстемақы төленді.

Дәрігерлердің ерен еңбегінің арқасында өңірде сәби өлімі азайып келеді. Сондай-ақ жергілікті мамандардың күрделі операцияларды облыста жасау көрсеткіші артып отыр. Қант диабетіне шалдыққандарды 22 жылдан бері емдеп келе жатқан Елена Павловна коронавирус инфекциясынан осы ең қауіпті топты қорғау өте қиынға түскенін айтады. «Бірақ біз адамға көмектесу үшін жаралғанбыз», - дейді кәнігі дәрігер.

Елена Цхай, эндокринолог:

- Жақсы, бақытты жерлері де болады науқас жазылып шыққан кезде. Өкінішке орай, қайғылы жағдайлар да болады. Соның өзінде жақсы көретін мамандығым. Қант диабеті өте үлкен, күрделі мәселе. Енді күресеміз, науқастарды емдейміз, оған уәде бере аламын.

Облыс әкімі Гүлшара Наушақызы сондай-ақ мемлекеттік қызметшілер күніне орай өткізілген жиынға да қатысты. Түрлі этнос өкілдері мен белсенді жастар қатысқан шарада Отанға қызмет етудің абыройлы міндет екені айтылды. Жалпы аймақ бойынша 3500-дей мемлекеттік қызметші бар, соның 500-дейі жас буын өкілдері.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов, Айтмұхамбет Бәйділдаев