Алматылық дәрігер диагностикаға ерекше көңіл бөлетін клиника ашты

Алматылық дәрігер Ғалымжан Тоғызбаевтың еңбек жолы ерен. Білікті маман соңғы жылдары менеджмент саласына ден қойды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шетелдік серіктестерімен бірге лабораториялық зерттеулер мен диагностикаға ерекше көңіл бөлетін клиника ашты. Дәрігер болашақта республикалық ревматология орталығын салуды жоспарлап отыр.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Медицина Ғалымжан Тоғызбаевқа қанмен берілген мамандық. Өте жауапты саланы таңдауы ақ халат киген ата-анасына қызығушылықтан басталған. Ол өзін «Қызылордадағы облыстық аурухананың ауласында өскенмін», - деп әзілдейді. Кейіпкердің әкесі анестезиолог-реаниматолог, анасы медбике болған. Дәрігердің міндеті жауапты әрі ауыр екенін ескерген ата-ана әу баста баласының медицина саласын таңдауын құптамаған.

Ғалымжан Тоғызбаев, ревматолог:

- Ақтөбенің медицина институтын бітірдім. Сөйтіп барып бір жыл Қызылордада жұмыс істеп, аспирантураға Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетке түстім. Аспирантураны тәмамдағаннан кейін кандидаттық диссертацияны қорғаннан кейін мен Кардиология институтында және Ішкі аурулар сонда бөлім мегерушісі болып жұмыс істедім.

Ревматология саласын таңдаған Ғалымжан Тоғызбаев қазір еліміздегі 250 білікті дәрігердің бірі. Оның кеңсесінде медицинадағы жетістіктері үшін берілген диплом мен сертификаттар тізіліп тұр. Ғалымжан Тоғызбаев 2012 жылы Мәскеу мемлекеттік университеті экономика факультетінің магистратурасын тәмамдаған.

Ғалымжан Тоғызбаев, ревматолог:

- Менің ойымша, ең бірінші ревматологияның маңыздылығы неде? Ең бірінші ревматологиямен ауырған адамдар әсіресе, жас қыз-келіншектер ауырады. Сосын 50-ден асқан адамдар. Мынау буын дейді ғой, буын сырқырайды. Жалпы ерте ревматоидты артритты анықтап, ауруды инвалидке ұшыртпай ертерек ем-дом жасап, сөйтіп, сапалы өмір сүруге, жақсы нәтижеге қол жеткіздік.

Ғалымжан Тоғызбаевтың менеджмент саласындағы білімі Оңтүстік Кореялық серіктестерімен бірлесіп емхана ашуға сеп болыпты. Дәл осы емхана аясында өткен жылы коронавирусқа ПТР-тест қабылдайтын зертхана ашылған. Сол кезде мыңнан аса алматылыққа тегін тест жасапты.

Ким Дае Йонг, Кореялық емхананың бас директоры:

- Ғалымжан Тоғызбаев – өз ісінің маманы, ревматология саласының шебері. Ол күніне оннан аса адамды қабылдайды. Оған қоса, ревматология саласын Денсаулық сақтау министрлігі деңгейінде дамытып жүр. Білікті менеджер деп айта аламын. Кейде осының бәріне қалай үлгереді деп таңданамын.

Ғалымжан Тоғызбаевтың алға қойған мақсаты айқын. Маман еліміздегі тұңғыш Республикалық ревматология орталығын ашуды жоспарлап отыр. Ол жерде ревматизмге шалдыққан ауруларды тексеріп, толыққанды емдеу жүргізіледі. Дәрігердің айтуынша, алдын ала тексеріліп тұру буын ауруларымен күресудің ең тиімді жолы.

Авторлары: Аршын Кемелжанұлы, Эдуард Кон